"Нәжіс судың иісі қолқаны қабады": Талдықорғанда жаңа үйдің кәріз жүйесі бітеліп қалған

Уақыты: 17.05.2023
Оқылды: 1225
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда жаңа үйдің кәріз жүйесі бітеліп, жертөлесі нәжіс суға толып қалды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Бұл бірінші жағдай емес. Тұрғындар осы үйге кіргеннен кейінгі үш жылда осы кәріз құбырымен алысып келеді.  Бірақ басқарушы компания мен тұрғын үй инспекциясының өкілдері бет бақтырар емес. Олар бар кінәні тұрғындардың өздеріне артып отыр.

«Хабар 24» мәліметінше «Бірлік» шағын ауданынындағы №18 үйдің пайдалануға берілгеніне небәрі 3 жыл болған. Осы аз ғана уақыттың ішінде кәріз жүйесі 4-5 рет бітеліп қалған.

«Жертөлеге жайылған нәжіс судың иісі қолқаны қабады. Жаңа үйден пәтер алдық деп қуанып едік, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бір аптаның ішінде екінші рет бітеліп жатыр. Иістен терезені аша алмаймыз. Подъездің ішіне кіре алмайсың», – дейді тұрғындар.

Талдықорған қалалық тұрғын үй инспекциясындағылар аталған үйдің 2 жылдық кепілдік мерзімі өтіп кеткенін, сол себепті үйді күтіп ұстауға тұрғындардың өздері жауапты екенін айтып отыр.

- Бұл үй бойынша осы күнге дейін бірнеше рет ақаулар болған. Кепілдеме уақыты өткеннен кейін тұрғындар өз үйлерін күтіп ұстауы керек, -дейді Берік Абылхан, қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы

Тұрғындар басқарушы компания өкілдеріне қоңырау шалып еді, олар 18-үйге лезде келіп, жертөледегі суды сору жұмыстарына кірісіп кетті.

- Водоканалмен бірге бүкіл люктарын жудыртып, тазалағанбыз. Алдыңғы күні тағы да бітелді. Бітелу себебі канализациядан еден жуатын үлкен шүберек шықты. Сол себептен бітеліп, үйдің үшінші подъезіне қайта су аққан. Кәріздің бітелуі негізінен тұрғындардың өз кінәсінен болып отыр. Сол себепті тұрғындардан кәріз жүйесіне түрлі тұрмыстық қалдықтарды тастамауды сұраймыз», – дейді басқарушы компания өкілдері. 

Фото: 24.kz