Нәрестелерден бас тарту 69 пайызға қысқарған: Ана үйінің қызметі

Уақыты: 17.05.2023
Оқылды: 779
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Ана үйі» қоғамдық қорының құрылғанына 10 жыл. Талдықорған қаласындағы Ана үйі 2014 жылы ашылған.

Осы уақыт аралығында Ана үйін кәсіпкер Ким Виссарионович қаржыландырып келеді. Ашылған күннен бері өмірдің қиын жағдайына түсіп, баланы баға алмай қаламын ба деп дағдарысқа түскен 160 анаға көмек көрсетілді. Оларға уақытша тұратын орын беріліп, тамақ, медициналық көмек көрсетіледі. Аналар бұл жерде өз үйінде жүргендей жүреді. Барлық жағдай жасалған. Балалардың денсаулығы қадағаланады.

Республикалық қоғамдық қор 8000-нан астам баланың жетімдік көрмеуіне ықпал етті. Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттікпен бірлесе жұмыс істеп, балаларды асырап алушы отбасыларына заңдастырып берді. Мұндағы кеңес беру кабинеттерінің психолог,  заңгерлері бала  асырап алған  отбасыларға жан-жақты көмек көрсетеді. Олардың бір отбасы болып қалыптасып кеткенінше керек көмектің барлығын жасайды.

Ана үйі қоғамдық қорының жетекші маманы Алсу Фаритовна:

«Қазіргі таңда Ана үйлері ашылғандағы тиімділігін көрсетті. Осы уақыт ішінде еліміз бойынша жаңа туған нәрестелерден бас тарту  69 пайызға қысқарған. Балаларға арналған мекемелерден балаларды отбасыларға орналастыруға жәрдемдеседі», – дейді.

Ана үйін ашудың мақсаты – баланы өз анасымен қалдыру. Ана мен баланың бір-бірінен ажырамауы үшін барлық жағдай жасау. Бұл орайдағы мақсат іске асып жатыр. Жолайырығында тұрған аналар жаңылысудан аман қалуда. 

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ
Фото: tengrinews.kz