"Сіздерге үлкен құпияны жария ете алмаймын": Қожаев "біртүрлі" жүргізушілерге қатысты пікір білдірді

Уақыты: 31.05.2023
Оқылды: 576
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев жол полициясы тоқтатқанда арнайы құжат көрсететін жүргізушілерге қатысты пікір білдірді.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпарат агенттігі дерегіне сүйеніп хабарлайды. 

Марат Қожаевтың айтуынша, полиция тоқтатқанда құжат көрсетіп, кетіп қалатын жүргізушілердің әрекеті заңды екен. 

"Сіздерге үлкен құпияны жария ете алмаймын. Бірақ арнайы қызметтің арнайы көліктері бар. Олар қызметтік міндетін орындау кезінде осындай құжаттарды пайдалана алады. Бұл – заңды", – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда полицейлермен бірге рейдке шыққан блогерлер жол ережесін өрескел бұзған жүргізушінің арнайы құжатты көрсетіп, кетіп қалғанына куә болған еді. Видеоны журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жариялады.

Жол полициясы көлікті тоқтатқанда алдыңғы орындықта баланың отырғанын көрген. Алайда екі бірдей ережені бұзса да полицейлер жүргізушіні жібере салған. 

Фото: ашық дереккөзден