"Бұл менің жұмысымның нәтижесі": Исабаев өзін жұмысы көрінбейтін әкім дегендерге жауап берді

Уақыты: 13.06.2023
Оқылды: 737
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде өзіне қойылған сұрақтарға жауап бере отырып жеткізді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

Түрлі сұрақтарға толы баспасөз мәслихатында БАҚ өкілінің бірі "сізді "ұйықтап жүретін әкім" деп айтады" дей келіп, өңір басшысы жұмысының көрінбеу себебін сұрады. Өз кезегінде Бейбіт Исабаев: 

"Иә, мен ұйықтаймын, бірақ тәулігіне 4-5 сағат қана. Мен немен айналысамын? Бұл ретте жауап қысқа болады. Облыс бөлінген кезде өңір әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада 19-20 орында болды. Ал енді мұқият тыңдаңыз. 2022 жылдың қорытындысына сай, барлық индикатор бойынша Жетісу облысы 4-орынға тұрақтады. Бұл менің жұмысымның нәтижесі", - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, екі сағаттан артық уақытқа созылған кездесуде облысқа қатысты негізгі сұрақтарға жауап берілді. Бұл қатарда өңірдегі білім бөліміндегі "былықтар" (әкім бұл жағдайдың облыс бөлінерден ілгері басталғанын атап өтті - ред.), заңсыз пәтер беру, жаңадан аудан құру, туризм саласындағы олқылықтар, шалғай ауыл мәселесі сынды өзекті мәселелер көтерілді. 

Қозыбай ҚҰРМАН

Фото: автордан