Әкімдік киіз үйді 13 млн теңгеге сатып алмақшы болған

Уақыты: 13.06.2023
Оқылды: 570
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының спорт және дене шынықтыру басқармасы киіз үйді 13 миллион теңгеге сатып алмақшы болған. Оның негізгі нақты құны - 4,5 млн теңге, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

«Біз асыра сілтенген бағаларға ғана мониторинг жүргізіп қана қоймай, сонымен қатар «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының сақталу заңдылығын да бақылап отырамыз. Жыл басынан бері «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалымен бірлесіп өткізілген мемлекеттік сатып алулар бойынша бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Тек бір жерден негізсіз шарт жасасудың 70 фактісі анықталды», - деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов.

Жалпы, мониторингтің арқасында жыл басынан бері жергілікті бюджеттің 616 миллион теңгесін үнемдеуге мүмкіндік туды.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу қағидаларын бұзғаны үшін мемлекеттік мекемелердің бірқатар басшыларына жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын 50 айыппұл салынды.

Сурет ғаламтордан алынды.