Талдықорғанда пәтер алып беремін дегендер сотталды

Уақыты: 14.06.2023
Оқылды: 652
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда 13 адамға оңай жолмен пәтер алуға уәде беріп, жәбірленушілердің 18 млн теңгесін иемденген 2 адам сотталды.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Талдықорған қаласының 2 азаматы ҚР ҚК-нің 190 бабының 3 бөлігі 3,4 тармақтарымен кінәлі деп танылды. Әр қайсысына 4 жыл мерімнен бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Аталған сотталушылар қала тұрғындарына оңай жолмен пәтер алып береміз деп сенімдеріне кіріп, олардың қаражаттарын иемденген»,- делінген Талдықорған қаласы прокуратурасының хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, жалпы іс бойынша 13 жәбірленушіге 18 000 000 теңге шамасында материалдық залал келтірілген.

«Соңғы уақыттарда мемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер алуға ықпал етемін деген жалған желеумен адамдардан алдап ақша алу деректері көп кездесуде.
Сонымен қатар жалған құжаттарды немесе адамның сенімін пайдалану арқылы несие алу алаяқтығы да жиі кездеседі.
Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену болып табылады. Аталған баптың санкциясында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде былтырғы жылдың жарты жылдығына қарағанда Талдықорған қалалық сотымен алаяқтық дерегі бойынша істерді қарау 50 пайызға өскен»,- деп толықтырды прокуратураның баспасөз қызметінен.

Талдықорған қалалық прокуратурасы қала тұрғындарын тұрмыстық, қызметтік, кәсіпкерлік және басқа да күнделікті азаматтық қатынастарда өте сақ және мұқият болуға, ешкімге өзінің жеке басына қатысты мәліметтерді таратпауға, алаяқтыққа жол бермеуге шақырады.

Фото: көрнекілік үшін