Қазақстанда қай өңір тұрғындары темекіге көп ақша жұмсайды?

Уақыты: 14.06.2023
Оқылды: 541
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Темекі өнімдерін тұтыну шығыны бір жылда 11 пайызға өсті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Massaget.kz дерегіне сілтеме жасап.

Биыл қаңтар-сәуір айларында елімізде 5,1 миллиард темекі және басқа да темекі өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 4,8 пайызға аз.

2022 жылғы қаңтар мен желтоқсанда 17,4 миллиард темекі өнімі шығарылды. 2021 жылғы қаңтар мен желтоқсанға қарағанда 7,9 пайызға артық.

Былтыр Қазақстанда темекі өнімдеріне орташа есеппен бір үй шаруашылығында 44,8 мың теңге жұмсалған, былтырмен салыстырғанда 10,8 пайызға артық. 

Өңірлер арасында Павлодар облысында көп шығын кеткен. Орта есеппен 83,1 мың теңге, жылдық өсім 13,3 пайыз болады. Алғашқы үштікке Солтүстік Қазақстан (77,2 мың теңге, өсім 9,6 пайыз) және Шығыс Қазақстан (71,9 мың теңге, өсім 24,8 пайыз) облыстары кіреді.

Шымкент тұрғындары темекі өнімдеріне ең аз ақша жұмсаған, яғни орта есеппен 8,8 мың теңге, жылдық өсім - 14,2 пайыз.

Биылғы мамырдың қорытындысы бойынша темекі бір жылда 17,9 пайызға қымбаттады. Бағаның ең жоғары өсімі Астанада байқалды: 23,2 пайыз. Одан кейін Алматы (21,1 пайызға) және Солтүстік Қазақстан облысы (20,8 пайызға) тұр.

Бағаның ең төмен жылдық өсімі Ақмола (12,8 пайызға), Қарағанды (13,9 пайызға) және Абай (16,2 пайызға) облыстарында байқалды.

Сурет ғаламтордан алынды