Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесті

Уақыты: 15.06.2023
Оқылды: 610
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысын, жалпы шаруашылықтың әр саласындағы оң көрсеткіштерді, алда атқарылатын шаруаларды баяндады.

Бейбіт Өксікбайұлы алдымен жұртшылықты жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың талап-тілектерін, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдауда болған 7 адам тұрғын үй, автобус аялдамаларын жөндеу, мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық қызметтің қолжетімділігі, «Плодопитомник» тұрғын алабына көше атауын беру, электр, кәріз, газбен жабдықтау, көше жарығын орнату мәселесін көтерді. Облыс басшысы тұрғындардың әр сауалына жеке-жеке тоқталып, қолдау көрсететінін айтты.

Мәдениет сарайындағы кездесуде баяндама жасаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы іс-жоспарларға қысқаша тоқталып, жергілікті халықтың былтырғы кездесуде көтерген мәселелері бойынша атқарылған шаруаларды баяндады.

Былтырғы қараша айындағы кездесуде Талдықорған қаласының тұрғындары көтерген 26 өзекті мәселенің 14-і шешімін тапты. Атап айтсақ, жұртшылық сұраған Абай ескерткіші Бикен Римова театрының алдына орнатылды. Бұл үшін бюджеттен 300,7 млн. теңге бөлінді. «Асыл аналар» тігін цехының несие төлемдері мәселесінде «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен 3,1 млн. теңге қарызды қайтару уақыты сәуір айынан бастап 6 айға шегерілді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін осы жылы пилоттық жоба шеңберінде 10 учаскеге камералар орнатылды. Мұндай камера қала тұрғыны Салтанат Ибадуллаева сұраған Талдықорған – Үштөбе жолына да қойылды. 

Биыл Талдықорған қаласының 16 көше қиылысына бағдаршам нысандарын орнату жұмыстарына 288,5 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде Ескелді би – Сланов көшелерінің қиылысына бағдаршам осы айдың аяғына дейін орнатылады. 

Өтенай ауылындағы Алатау көшесін күрделі жөндеу жұмысы шілде айында аяқталады. Жалпы, Өтенай ауылдық округі бойынша 2023-2024 жылдары 900 млн. теңгеге 7 көшені күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған. Осы жылға 500 млн. теңге бөлінді. Былтыр Еңбек ауылында зираттарды қоршау және саябақ құрылысы бойынша 2 мәселе көтерілді. Өткен жылы Еркін ауылындағы зиратқа 320 метр қоршау орнатылса, ұзындығы 14,6 шақырым қосымша қоршау орнату үшін жер телімі рәсімделуде. Саябақ құрылысы бойынша мердігермен 100,8 млн. теңгеге келісімшарт жасалыпты.  Ауылдағы саябақ Конституция күніне орай ашылады. 

Батыс тұрғын ауданында Жазиралы мен Ақындар көшелерінің қиылысындағы балалардың ойын алаңы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тамыз айында ашылады екен. Сондай-ақ, былтыр осы тұрғын ауданында КОС-тан шыққан иісті жою туралы мәселе көтерілген еді. Қазіргі уақытта атмосфералық ауаны жақсарту үшін «Экобактерия» залалсыздандыру препараты қолданылады, бұл өңделген алаңдардағы жағымсыз иісті 50-60 пайызға дейін азайтпақ. 

Еркін ауылына облыстық «Жедел жәрдем» стансысы аутсорсинг бойынша қызмет көрсетеді, арнайы «Жедел жәрдем» автомашинасы бөлінбейді. Сондай-ақ, дәрігерлік амбулаторияның штаттық кестесінде бекітілген норматив бойынша ультрадыбыстық зерттеу маманы қарастырылмаған. Десе де Еркін ауылының дәрігерлік амбулаториясына аптасына бір рет №2 Талдықорған қалалық емханасының маманы келіп, қажетті зерттеулер жүргізіп жатыр. 

Батыс тұрғын ауданындағы қоқыс үйіндісін, қызмет көрсететін мердігерлік ұйым жойылған екен. Өткен жылдың қараша айында «Жетісу су арнасы» мекемесінің зертханасында «Үйтас» саяжайы тұрғындарының қатысуымен ауызсудың сапасы тексеріліп, барлық көрсеткіштер нормаға сай болды. Ал қаладағы апатты 15 үйден тұрғындарды көшіру ерекше бақылауда. Былтыр Кивилев көшесіндегі  4 үйдің тұрғындары көшірілді. 11 апатты үйден (81 пәтер) тұрғындарды көшіру үшін ағымдағы жылы бюджеттен қажетті сома – 1,2 млрд. теңге бөлінді. 

– Мен былтыр уәде еткендей, қаладағы «Инватакси» автокөліктерінің саны екі есеге жуық өсті. Былтыр 7 болса, биыл 13 бірлік. Қазан айына дейін қалада көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған дыбыс бағдаршамдарының саны 20 бірлікке артады, – деген аймақ басшысы алдағы атқарылатын шаруаларға кеңінен тоқталды.

2023-2024 жылдар аралығында 3-бөлімшедегі 15 шақырымдық көшені күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Оның жобасы осы жылдың тамыз айында мемлекетік сараптамадан өтеді. «Талдықорған – Үштөбе» тас жолының қала мен Еңбек ауылына дейінгі учаскесін 4 жолаққа дейін кеңейту жұмысы келесі жылдың екінші тоқсанында басталмақ. Жобалау жұмыстары қазан айында аяқталады. Қазан айында қалалық маршрут желілерін оңтайландыру конкурсы өткізіліп, №20 маршрут желісінің қозғалыс бағыты Батыс тұрғын ауданына дейін өзгертіліп, автобус саны 3 бірлікке көбейтіледі. Жалпы қала бойынша 26 мар-шруттың 14 бағытына өзгерістер енгізіледі.

Талдықорған қаласының «Хутор» ауданында көшелерді жарықтандыру жобасы 2025 жылы жүзеге асады, оның ішінде Ойжайлау көшесінен Тәукебаев көшесіне дейінгі учаске де бар.  Осы жылы жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Баян батыр көшесінің бір бөлігіне су, электр желілерін жүргізу мәселесі қалада есепке алынбаған учаскелерді электр, сумен жабдықтау жобасының аясында шешіледі. Аталған құрылыс жұмыстарына қажетті 2 млрд. теңге көлеміндегі қаржы келесі жылы бөлінеді. «Жастар-2» шағынауданында 900 орынды мектеп салу үшін 3,6 гектар жер учаскесі бөлінген. Құрылыс жұмыстары «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы арқылы келесі жылы басталмақ. Еркін ауылдық округінде ауылдық клуб салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен 5 млн. теңге бөлінген, құрылыс жұмыстары келесі жылға жоспарланған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша да нақты шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, базарда  Өзбекстаннан және еліміздің оңтүстік өңірлерінен азық-түлік тауарларын тікелей жеткізу бойынша көтерме хаб құру жоспарлануда. Сондай-ақ, тағы бір жеке инвесторға «Бірлік» шағынауданында жабық форматтағы базарды жобалауға сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріліпті. Өнімді 8 айға дейін сақтау мақсатында «Жерұйық» кешені жаңғыртылып, осы жылдың қыркүйек айында іске қосылмақ. Кешен қуаттылығы әрқайсысы мың тоннадан үш көкөніс қоймасынан және 500 тоннаға арналған жеміс қоймасынан тұрады.  

Нанның бағасын ұстап тұру мақсатында ұн тарту ұйымымен 3,7 мың тонна арзандатылған астыққа келісімшарт жасалыпты. 

Осыдан кейін облыс әкімі қала тұрғындарын толғандырған сауалдарға жауап берді. Кездесуде 50-ге жуық сұрақ қойылды. Олардың көбі баспа мәселесіне қатысты болды. Көкейінде жүрген сауалдарын қоя алмаған тұрғындарды облыс әкімі жеке қабылдайтынын айтты.

Жиын соңында Бейбіт Исабаев қала әкіміне аталған тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді ерекше бақылауға алып, оларды шешу және қаланы одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырма берді.

Айдар ҚАЛИЕВ