Көксу ауданында  4 ауылға жаңа әдіспен медициналық пункт салынады

Уақыты: 15.06.2023
Оқылды: 602
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу ауданында медициналық мекемесі жоқ 4 ауылына жаңа әдіспен медициналық пункт салынады.

Мәселен, Ақтекше ауылында әлеуметтік нысанның құрылысы басталып кеткен. Ауыл халқымен кездесуден кейін, Марлен Қапашұлы жаңа құрылыстың жұмысымен танысты.

Әкімнің айтуынша,  фельдшерлік-акушерлік пункт болу үшін ауыл тұрғынының саны 800-ге жетуге тиіс. Ауылдың үлкен-кішісінің саны 500-ден аз болған жағдайда медициналық пункт салынады.

Былтырдан бері ауданда тез құрылатын блокты-модульді медициналық пункттер тұрғызыла бастаған. Алғашқы заманауи емхана Жамбыл ауылында салынған. 

"Блокты-модульді медициналық пунктті салудың артықшылығы, жобалау-сметалық құжат жасалмайды. Әйтпесе сол құжатты жасаудың өзіне бірнеше жыл және қыруар қаржы кетеді.  Блокты пункт 1-2 айда орнатыла салатын болғандықтан өте ыңғайлы.  Құрылысқа пеноблок материалы пайдаланылады. Ғимарат жарты ғасырға  дейін  сыр бермейді. Ауласы көгалдандырылып, қоршалады. Ғимаратта үш адам, яғни  фельдшер, санитар-тазалықшы және күзетші жұмыс істейді. Былтырдан бері біраз тәжірибе жинап қалдық", - деді аудан әкімі Марлен Көлбаев. 

Айта кетейік, құрастырмалы медициналық пункт 10 жылдық Қазақстан, Мұқаншы, Мәулімбай ауылдарында да салынады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ