«Jetisý» газетіне бас редактор тағайындалды

Уақыты: 21.06.2023
Оқылды: 1260
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облыстық «Jetisý» газетінің бас редакторы болып Жұматай Оспанұлы Әміреев тағайындалды.

Жұматай Оспанұлы Әміреев – 1975 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында туған. 1992 жылы мектеп бітірген. Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын театр және кино актеры мамандығы бойынша және І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің журналистика факультетін тамамдаған.

Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында бастаған. Сәбит Мұқановтың 100 мерейтойына орай Қызылжар қаласында ашылған театрдың алғашқы құрушыларының бірі.

2000-2004 жылдар аралығында облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында актер болып еңбек еткен.

2004 жылдан бері облыстық «Жетісу» газетінде қызмет етеді. Осы уақытқа дейін бас редактордың орынбасары қызметін атқарған. 

Ақын, ҚР Мәдениет қайраткері. ҚР Ақпарат саласының үздігі. 

«АЙ-ЗЕРЕ», «ҚАРАЖҰРТ» атты жыр жинағы мен «ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК, САН САУАЛ», «Мінездегі МЕН» атты публистикалық шығармалар мен «ДӘСТҮРІМ – ДИДАРЫМ» атты этнографиялық-танымдық кітабының авторы.

"7-su.kz" желілік басылымы