Министрлік пен әкімдіктің қайсы өтірікші?

Уақыты: 23.06.2023
Оқылды: 933
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осыған дейін республикадағы Орал мен Талдықорған қалаларындағы қоғамдық көліктердің 70 пайызына дейін ескіргенін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтқан болатын. Ең қызығы, Талдықорған қаласы әкімдігі сол "биік" мінберден айтылған ақпаратты теріске шығарып отыр.

Бұл туралы қала әкімдігі Zakon.kz сайтына түсініктеме де беріп үлгерген.Тіпті министрліктің 70 пайыздық көрсеткішін "қанық емес" пікір деп есептейді. 

Осы ретте, әуелі аталған сала министрінің жақындағы пікірін назарларыңызға ұсынбақпыз. Онда Марат Қарабаев жеңілдетілген автонесиелеуден түскен қаражат қоғамдық көлікті несиелеуге бағытталуы мүмкін екенін айта отырып, Талдықорған әкімдігінің жанына "батқан" ақпаратты мәлім еткен-ді. 

"Біз бірқатар өңірлерде болдық, ИИДМ өкілдері автопарктерді несиелеу мәселесін көтеріп жатыр. Мысалы, Қостанайда қоғамдық көліктер - 90%, Талдықорғанда, Оралда 70% тозған. Бұл арадағы міндет – қолда бар қаражатты барынша тиімді пайдалану", - деп түсіндірді Марат Қарабаев.

Дереккөз мәліметінше, Талдықорған әкімдігі министрдің бұл сөзімен келіспейді. Қала әкімшілігі ИИДМ басшысы өңірлердегі жағдайдан дұрыс қанық емес, сол себепті қате деректерді пайдаланған деп санайды.

"Талдықорған бойынша қоғамдық көліктердің тозуы 45% құрайды. Біз қоғамдық көліктерді үнемі жаңартып отырамыз, қазір тіпті қала маңындағы елдімекендерге де заманауи автобустар қатынай бастаған. 2023 жылдың қазан айында автобустардың санын тағы 10 бірлікке арттыру жоспарланып отыр. Қалалық автобус парктерінде барлығы 243 жүргізуші жұмыс істейді, орташа жалақы 186 мың теңгені құрайды", - деді Талдықорған қаласы әкімдігі жанындағы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі Нұрбахыт Алтынбеков.

Түйін: Жергілікті әкімдік өкілінің сөзіне сенсек, Талдықорғанда жолаушыларды күнделікті тасуға 187 автобус шығады екен. (бұдан басқа жарамсызы болса онсызда қолданыста жоқ емес пе - ред.) Енді осы санды Қарабаев айтқан "қарапайым" көрсеткіш 70 пайызға шағып кеп жіберсеңіз, сала министрі сөзі бойынша Талдықорғанда саны небәрі 60-қа жетпейтін қоғамдық көлік "сау" жүр деген сөз. Сіздіңше министрлік пен әкімдіктің қайсы өтірікші, оқырман?

Қозыбай ҚҰРМАН

Фото: көрнекілікке алынды