Жерлесіміз Гүлжан Қызайбай «AMANAT» – 2023 Медиа сыйлығын иеленді

Уақыты: 27.06.2023
Оқылды: 536
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«AMANAT» партиясы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасындағы «AMANAT» – 2023 Медиа сыйлығы» республикалық байқауының қорытындысын жариялады.

«AMANAT» Медиа сыйлығы» осымен қатарынан он төртінші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт аралығында конкурсты өткізу тәртібі мен ережесі айтарлықтай жетілдіріліп, аталымдар мен арнайы сыйлықтар қатары толықты. Отандық медиа салада қызмет етіп жүрген 150-ден астам адам байқау жеңімпазы атанып үлгерді. 

Биыл байқауға 300-ден аса адамнан 2 мың жұмыс келіп түсті. Оның басым көпшілігін (60%) аймақтағы ақпарат саласының өкілдері жолдады. Айта кетейік, биылғы байқауға YouTube жобалар да қабылданды. Осылайша, 7 номинация мен 3 арнайы сыйлық бойынша жеңімпаздар анықталды. 

Салтанатты рәсімді ашқан «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, бұл журналистердің ғана мерекесі емес, халықтық мейрам екенін атап өтті.

«Қоғам сапалы, шынайы және танымдық дүниелерді оқығысы келеді. Мұндай ақпаратты тек нақты дерек пен дәйекке сүйенетін журналист қана ұсына алады. Ол – сөздің қуаты мен қадірін білетін, жауапкершілігі жоғары, кәсібіне адал нағыз маман. БАҚ-тың басты миссиясы да – осы. Сіздердің мақалаларыңыз бен сюжеттеріңіз қоғамды ұдайы алға жетелеп отыратын, ел дамуына ықпал ететін құндылықтарды дәріптейді. Бұл – патриотизм, адал еңбек, бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білімге құштарлық, туған жері мен төл мәдениетіне деген сүйіспеншілік. «AMANAT» партиясының байқауы осындай журналистік жұмыстарды қолдауға бағытталған», - деді партия Төрағасы. 

Байқауда «Алаш қозғалысы бойынша үздік материал» номинациясында жеңімпаз атанған «Жетісу» телеарнасының продюсері Гүлжан Қызайбаева репрессия тақырыбында жасаған зерттеу материалының жоғары бағаланғанына ризашылығын жеткізді.

«Арнамызда «Архивтегі ақиқат» деген бағдарлама бар. Онда архивтерді ақтарып, көп ізденіспен жасалған зерттеу материалдары жарық көреді. Сол жұмысымызды байқауға ұсынып, оны қазылар алқасы жүлдеге лайық деп таныған екен. Жалпы телеарнада жалғыз шауып бәйге ала алмайсың. Сондықтан бұл «Жетісу» арнасындағы барша әріптесімнің жетістігі деп білемін», - деді ол.

Ал «Еңбек адамы туралы үздік материал» номинациясын жеңіп алған Қойлыбай Асанов осы тақырыпта 30 жылдан астам уақыттан бері қалам тербеп келе жатқанын жеткізді. 

«Адал еңбек пен маңдай тер егемен еліміздің іргесін нығайтып, Тәуелсіздігімді баянды етеді. Өзім қойшының баласымын. Сондықтан болар, еңбек адамының кісілік келбетін, өнегелі өмір жолын бір кісідей білемін. Сол сарыжайлау, кең далада еркін ғұмыр кешкен, көненің көзін көрген тұлғалы адамдарды насихаттау менің қаламгерлік мұратым деп ойлаймын. Еңбегімді бағалаған баршаңызға алғысым шексіз», - деді Қ.Асанов.

Материал «AMANAT» партиясының ресми сайтынан алынды