БАСШИДЕ КҮРЕС ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 06.07.2023
Оқылды: 955
Бөлім: КҮНДЕРЕК

6 шілде – Астана күніне орай Кербұлақ ауданының Басши ауылында ауыл жастарына арналған күрес залы ашылып, жергілікті жұртшылықты қуанышқа бөледі. Жетісу облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырысымен салынған жаңа нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания нысанды дәл мерзімінде аяқтап, елдің игілігіне ұсынып отыр.    


Екі кілемдік күрес залының ашылу  салтанатына қатысқан Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, грек-рим күресінен Азия чемпионы Марғұлан Әсембеков ауыл тұрғындарын құттықтап, жүрекжарды тілектерін арнады.

– Тәуелсіздік тарихында Астанаға көрсетілген құрмет Қазақ еліне көрсетілген құрмет деп білуіміз керек. Елді игілікке бастаған Елордамыздың еңсесі биік, тұғыры берік, болашағы жарқын болғай. Осындай айтулы мереке күні Басши ауылында жүзеге асырылған игі істердің ғұмыры ұзақ болсын. Қолданысқа беріліп отырған екі кілемдік күрес залының құрылысына жергілікті бюджеттен 135 миллион 400 мың теңге бөлініп, «Бауыр құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестік ел игілігіне ұсынып отыр. Келешекте осы спорт залынан қазақтың атын шығаратын айбынды ұлдары мен өр рухты қыздары көптеп шықсын, – деген Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. – Құрметті жерлестер баршаңызды Елордамыздың 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бас қаламыздың қарқынды дамуына, еліміздің алға жылжуына әрдайым куә болайық! Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт, ашық аспан, бірлік-береке тілеймін! Мереке құтты болсын! Халқымыз: «Дені саудың – жаны сау» дейді. Басши ауылында 2-3 айдың ішінде көптеген жақсылық болып жатыр. Жергілікті жастардың денсаулығы мықты, болашағы жарқын болуына ықпал ететін күрес залының игілігін көрейік.

Күрес залының тұсауын облыстық  спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл мен Басши ауылдық округіндегі ақсақалдар алқасының төрағасы Жақыпбек Самылтырұлы кесіп, жас палуандардың шынығуына ұсынды.

Күрес залындағы еркін күрес үйірмесінің жаттықтырушысы Азамат Қойбағаровтың айтуынша, Басши ауылында күреске құмар балдырғандар баршылық. 30-35 бала еркін күреспен тұрақты айналысып келеді. Олардың басым бөлігі аудандық, облыстық, республикалық біріншіліктерден жүлделі орын алып жүр.

Айтулы шарада жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, өлең-жырдан шашу шашты.

Мәди АЛЖАНБАЙ