ЖОЛ МҰРАТЫ - БІТУ

Уақыты: 26.07.2023
Оқылды: 674
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарыөзек – Көктал бағытындағы автокөлік жолы көпшіліктің алаңдаушылығын тудырып отыр. Асудан тоқтай алмай апатқа ұшыраған жүк көлігінен екі адамның зардап шегуі жергілікті тұрғындардың мазасын қашырды. Өйткені, жол жөндеу жұмыстары басталғалы бері 2 жылдан асса да Панфилов ауданының халқы облыс орталығы Талдықорғандағы перзентханаға Алматы айналып келіп жүр. 


Себебі, селкілдек жолдың дүниеге келер ұрпаққа тигізер зияны басым. Осыған орай Алтынемел асуынан өткізетін күрежолдың құрылысын көзімен көруге барған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Төлемісов және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның мамандарының уәжін тыңдады.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, «AMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев, облыстық, Панфилов, Кербұлақ аудандық мәслихаттарының депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысқан кездесуде жергілікті тұрғындардың Алтын-емел асуындағы жолдың биыл аяқталмайтынына алаңдаушылық білдіріп отырғаны айтылып, талап-арыз бергені алға тартылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай Премьер-Министр өз бақылауына алған Сарыөзек – Көктал жолының құрылысы мерзімінен кешігіп жатқанына алаңдаушылыққа байланысты арнайы келгендерін жеткізген халық қалаулылары бұған дейін республикалық маңызды жолдың жыл соңына дейін пайдалануға берілетіні айтылғанын еске сап, облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл мамыр айында жол жөндеу жұмыстарының жай-күйімен арнайы танысқанын атап өтті. Неліктен нысанның кешігетіні туралы мәліметтің шыққанын сұраған сенаторларға жауап берген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев:
– Әрбір құрылыс бір күндік шаруа емес. Сарыөзек – Көктал бағытындағы жолдың 45-68 шақырымына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының ұзақ жүруі ең алдымен келісімшартқа тікелей байланысты. 2021 жылы жасалған келісімшарт 3 жылға есептелген. Соған байланысты Қаржы министрлігі 2021 жылы қаржының 10 пайызын, 2022 жылы тағы 10 пайызын берді. Енді 2023 жылы келгенде қаржының қалған бөлігін түгелдей бөлді. Алғашқы жылдарына тең бөлінбеген қомақты қаржыны соңғы жылы толық игеру мүмкін болмай тұр. Осылайша, жалпы 10,2 миллиард теңге бөлініп отыр, – деп мәселе-                         нің мәнісін түсіндіріп өтті.          

– Бұл – бір. Екіншіден, 2021 жылы қаржы қажетті деңгейде бөлінбегендіктен тауардың бағасы бүгінде қымбаттап кетті. Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі инфляцияны құрықтай алмағанынан бөлек, жолдың қаржысын кешіктіріп бергізді. Соның кесірінен нысанның құны 2,5 миллиард теңгеге қымбаттады. Сол себепті құрылыс мерзімі ұзарды. Мына нысанның ұзындығы 23 шақырым. Республика бойынша 3700 шақырым жолдың құрылысы тұр. Оның бәріне қыруар жұмыс күші керек. Оны іздеу, табу қажет. Сондықтан жалғыз «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ны кінәлай беруге болмас. Әрине, ұлттық компания мердігерлерінің кінәсы бар. Оны түсінеміз. Өз құзыретіміздің шегінде шешуге тырысып жатырмыз. Осыған орай биылғы қазан-қараша айларында автожолды пайдалануға береміз. Келер 2024 жылы 25 қарашада толық бітіріп, елдің қажетіне ұсынамыз.

«ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының төрағасы Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, Сарыөзек – Көктал бағытындағы автокөлік жолының 45-68 шақырымындағы құрылыс жұмыстары соңғы бір айдың ішінде қарқын алған. Енді көзге көрінбейтін жолдың табанын бекіту жұмыстары аяқталып, бетондау аяқтала бастаған. Қазір күніне 1 километр жолдың асфальті төселіп, Алтынемел асуындағы күрделі бұрылыстарды түзеу, бекіту жұмыстары жүруде. Ұзындығы 23 шақырымға тең жолды жөндеуге алған «РСУ-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне көмекке 2 субмердігер келген. Олар «KazContructionGroup», «E.S.T.Contruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Қазір асуда 105 түрлі техника, 170 адам жұмыс істеп жатыр. Осыған орай биылғы қоңыр күзде асфальті төселген жолдың бір бағыты ашылып, жолаушыларды өткізе бастайды. Бір өкініштісі «Алацем» зауытына шикізат таситын жүк көліктері жолдың жабындысын тоздырып, түзу жерін қиратып кетуде. Осыған орай сенаторларға өтініш жасаған «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның басшылары жолмен салмағы ауыр көліктерді жүргізбеуді Үкімет деңгейінде шешіп беруге көмектесуді сұрады.

Өтініш аяқсыз қалмайтынын жеткізген Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев ұлттық компания басшылығына асудағы жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырып, Президенттің тапсырмасына орай жол биыл пайдалануға берілуі керегін ескертті. Күніне 3 рейс жасайтын қытайдың ауыр жүк көліктері жаңа жолды тоздырып жіберетінін алға тартқан Мейірхат Қасымбаев Алтынемел асуындағы жүк көліктерінің санын азайту құрылыстың сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Бұдан соң Алтынемел асуының Басши ауылдық округімен шектесетін жеріне дейін барып, құрылыс жұмыстарымен танысқан жұмыс тобы мәселені бірлесе шешуге келісті. Ол үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ асудан өтетін жолға асфальт төсеуді күз айында бітіріп, автокөліктердің өтуіне мүмкіндік беруі керек. Ал жол құрылысы жоспарға сәйкес келер жылы күзде бітеді. Яғни, тауды кесіп өтетін жолды абаттандыру жұмыстары 2024 жылы аяқталады.

Кездесуге келген қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық, облыстық мәслихаттардың депутаттары Сарыөзек – Көктал автожолының өзекті мәселелері – жолдың маңын тазарту, абаттандыру сынды жұмыстарды қаржыландыруға қатысты сұрақтарын қойып, лайықты жауап алды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесуге келген «Алацем» зауытының жүргізушілері зауытқа шикізат жеткізіп берумен айналысатын «Ұлы Дала Жолы» ЖШС-нің оспадарсыз әрекетіне наразылықтарын жеткізді. Олардың айтуынша, Алтынемел асуынан жеткізілетін тасты серіктестік  20 тонналық жүк көліктеріне 40 тоннадан тиеуді міндеттеп, жол жүру қауіпсіздігін айрықша бұзып отыр.

Осыған байланысты «Алацем» зауытының басшылығымен арнайы кездесіп, мәселені шешуді тапсыратынын жеткізген халық қалаулылары автожолды мерзімінде берудің қажеттігін ескертті.

Мәди АЛЖАНБАЙ