Демалу мәдениетін меңгерейік!

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 413
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінгі таңда қай әлемге қарасақ та экологиялық туризм мен саябақтар секілді бизнес түрі ерекше қарқынмен дамып келеді. Сондықтан да бұл саланы өркендету әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызды. 

Сондай-ақ, ол халық табысын арттырудың негізгі бағыттарының бірі. Өйткені, мұндай орындарда қаншама адам ерінбей еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласындағы бизнесті мемлекеттік саясаттың перифериясынан шығарып,  елдің экономикалық өсу драйверлерінің біріне айналдыру бағытында Үкіметке нақты міндет қойған болатын. Ұлттық туризм секторы жоғары деңгейде жан-жақты дамыған инфрақұрылым арқылы Президент қойған міндеттердің орындалуына өз септігін тигізе алатыны сөзсіз.

Жақында облыстық кәсіпкерлер палатасының Көксу, Қаратал аудандары филиалдарының директоры Фархат Құсайынов пен Көксу аудандық «Іскер әйелдер кеңесінің» төрайымы Салтанат Утешбаева Көксу ауданы Еңбекші ауылдық округі Зылиха Тамшыбай ауылындағы «Ақтам» демалыс орнына арнайы барып қайтты. Онда кәсіпкердің көптен бері шешілмей жүрген мәселесіне құлақ асып, оң шешімін табу жолдарын қарастырды. Кездесу кезінде кәсіпкер демалыс орнында тынығушылар үшін сапалы қызмет көрсетілетінін, бірақ, ауызсу мәселесінің қазір қиындық туғызып отырғанын, мүмкін болса осы түйіннің тарқатылуына қол ұшы берілсе деген тілегін жеткізді.

Аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Фархат Құсайыновтың айтуынша, елде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге болады. Туристік нарықта елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлемдік аренада оң имиджді қалыптастыруға мүмкіндік бар. Осы ретте кәсіпкердің талап-тілегі назарға алынып, ауызсу мәселесіне қатысты өтініштің оң шешілуіне қажет шаралар қолданылмақ.

– Қазір халық көптеген туристік фирмалар арқылы немесе өздері бір күндік саяхатқа шығады. Олардың қатары күн санап өсіп келеді. Сондықтан, мен демалушыларға ерекше құрметпен қараймын. Осындай тынығушылар үшін мемлекет тарапынан туристік сауаттылық әліппесі үйретілсе деймін. Туризм – табиғат аясында ішіп-жеп, суретке түсіп қайту емес. Туризм дегеніміз – физикалық, рухани, мәдени, танымдық демалыс. Сондықтан демалушылар табиғат аясында мәдениетті демала білгені жөн, – дейді аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Мұхаметханқызы. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Көксу ауданы

Фото: ғаламтордан алынды