ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 717
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарқан ауданы Тополевка ауылында оқу жылының басында жаңа мектеп есігін айқара ашты. 

Білім ордасының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу міндетін қойғанын, бүгін ашылып отырған білім шаңырағы солардың бірі екенін жеткізді. Келесі болып сөз сөйлеген Жетісу облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ахметова білім саласында атқарылып жатқан өркенді өзгерістерге тоқталып, ағымдағы жылы Сарқан ауданында 2, Көксу ауданында 2 мектеп қолданысқа берілетіндігіне тоқталды. Мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Бақыт Тоқпақова шағын ауыл үшін осынау заманауи білім ордасының салынып, іске қосылуы көптен күткен армандары орындалғанының айғағы екенін атады. Ауылдың байырғы тұрғыны, зейнеттегі ұстаз Галина Никонова жас өрендердің жаңа ғимаратта, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған сыныпта білім алатынын қуана жеткізді. 

Қазынадан 1,4 млрд. теңге бөлінген мектептің құрылысын «Құрылысшы ТБС» жүргізіп, оқушылар мен ұстаздардың пайдалануына берді. Мектепте ІТ кабинет, химия, физика, информатика кабинеттері соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған, 30 орынға лайықталған асхана, үлкен спортзалы бар. 3 қабатты ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсаты да қарастырылған. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ 
Сарқан ауданы