Жетісу облысының полицейлері тұрғындарға малдарына жарық шағылыстырғыш лента тағуға шақырды

Уақыты: 27.09.2023
Оқылды: 588
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының полицейлері тұрғындарға малдарына жарық шағылыстырғыш лента тағуға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақсу ауданында полицейлер үй жануарларының қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жергілікті тұрғындарды өз малдарына жарық шағылыстырғыш ленталарын тағуға шақырды.

– Жануарлардағы жарық шағылыстырғыш ленталар жол апаттарының алдын алуға және олардың санын азайтуға көмектеседі. Түнгі уақытта нашар көрінген жағдайда, жолда жарық шағылыстырғыш лентасы бар малды алыстан байқауға болады, бұл малмен соқтығысудан сақтап қалады, – дейді Ақсу ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Аслан Қабдығалиев.

Учаскелік полиция қызметкерлері облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдарға жақын орналасқан шаруашылықтарды аралап шықты. Мал иелеріне өз малдарын жарық шағылыстырғыш ленталармен жабдықтап қана қоймай, мүмкіндігінше шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, ірі қара мен ұсақ малға жарық шағылыстырғыш бояу жағу ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері облыста малдың қатысуымен 7 жол-көлік оқиғасында 3 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алған. Талдау нәтижелері көрсеткендей, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі үлесі түнгі мезгілде болады, жүргізуші жол жиегіне кенеттен шығып кеткен жануарды байқамай қалу салдарынан осындай осындай оқиғалар болып жатыр.