Талдықорған әкімдігіне жолдағы бүлдіршіндер өмірі қызық болмағаны ма?

Уақыты: 27.09.2023
Оқылды: 912
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Өзін «Талдыпариж» атайтын, «Smart»-тап ондаған миллиондарға аялдама салатын Талдықорғанда тозған дүние топ-топ. Сорақысы сол, арнайы мекемелер, орғандар қадағалайтын тәртіптік тақтайшалардың сұрқы мынау да цифры анау болып тұр.

Суретке назар аударсаңыз, жол полициясы ұсынған көпшілік жүретін «Дәулет» сауда орталығының қарсы бетіндегі «қызық» мәліметке қанық боласыз.

Дәлірек айтқанда, осыдан 10-15 жыл бұрынғы статистика тақтайға таңбаланған қалпынан еш өзгермегендей. (Мүмкін осы уақыт аралығында мүлдем жаңаланбаған болуы да ғажап емес. Суретте).

«Таңбалған» сөзін қолдануымыздың да себебі жоқ емес. Өйткені «Цифрлы Қазақстан» атты бағдарламасы бар ел үшін бұл сәл де болса ұятты дүние. Ақылы алаңқайларда небір лед экрандар, түрлі-түсті баннерлер қаптап тұрған тұста, осындай ақпаратты беру жолы да жетіп артылады деп ойлаймыз.

Оқи отырыңыз: Көшеңіз қалай, Талдықорған?

Әрине, біз бұл ретте «Smart city (Ақылды қала)» тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Бір үйдің құнына таяу қаржыға салынған «Smart аялдаманың» ел қызығын көріп те жүр.

Ал қызметтік мәніне тоқталсақ, осыдан 10 неше жыл ілгерідегі жолдағы бала өліміне қатысты көрсеткішпен бүгінге «ескерту» жасау қаншалықты логикаға келетінін ойлаудың өзі күлкілі. Күніне осы тұстан нешеме рет өтетін жол көлік полициясының, қаланың келбет-бейнесіне тікелей жауап беретін қала әкімдігінің көзі бұған түссе қане?!

Әлде бұлар бүгінгі бүлдіршіндер қауіпсіздігін осы есепке сыйғыза салғысы келе ме дейсіз? Өйтпесе, адам аяғы үзілмейтін базардың жанындағы дерек тақтасын өзгерте салу да соншалық қиын болмаса керек.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Редакциядан: аталған жайтқа байланысты Талдықорған қаласы әкімдігі жедел іс-шара қолданады деп сенеміз. Әрі алдағы уақытта да бұндай мәселелер біздің назарымызда болатынын ескертеміз.