Ашық есік күнін өткізді

Уақыты: 02.10.2023
Оқылды: 625
Бөлім: КҮНДЕРЕК

 Жетісу гарнизонындағы Десанттық-шабуылдаушы әскердің №18404 әскери бөлімінде ашық есік күні өткізілді.

Бұл күні Талдықорған қаласындағы орта мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің назарына әскери қару-жарақтың түр-түрі, әскери ұрыс техникалары және десантшылардың киім үлгілері таныстырылды. Игілікті іс-шараны ұйымдастырып, өткізуге ұйытқы болған әскери бөлім басшылығы мен Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасы.

Шарада әскери бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, подполковник Абзал Таждинов әскери өмір мен тәртіп жайында, әскери қызметтің, жауынгерлік және оқу-жауынгерлік тапсырмалардың өту тәртібі туралы айтып берді.

         – Ашық есік күні жасөспірімдер үшін Отан алдындағы борышын өтеу жолындағы алғашқы баспалдақ іспетті деуге болады. Әскери бөлімге саяхатқа барудың тағылымы, тәрбиелік мәні, патриоттық мазмұны тереңде жатыр. Мұндай ашық есік күндерінің болашақ Отан қорғаушылардың тәрбиесіне тигізер үлесі зор. Өйткені олардың Отанды құрметтеуге, қорғауға деген сезімдері арта түсетіні сөзсіз, – деді физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы, Заң ғылымдарының магистрі Айбат Қуанышбаев.

Сарбаз асханасы мен казармаларда болып әскери қызметшілердің өмірі мен тұрмыс-тіршілігімен танысқан келушілер жауынгерлермен жүргізілген тактикалық, атыс дайындығы бойынша тәжірибелік жаттығуларды тамашалап, әскери және технологиялық дайындық пәнінде оқып, білгендерін тәжірибе жүзінде көрді. Осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз патриоттыққа тәрбиелейді.

Мұғалімдер, оқушылар және студенттер іс-шара соңында әскери қызметшілерге қонақжайлықтары мен жылы қабылдаулары үшін алғыс айтып, жанашыр тілектерін жеткізді.

Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі