Ұрланған саусақ іздерін шетелдік арнаулы барлау қызметтері сатып алуы мүмкін – сарапшы

Уақыты: 02.10.2023
Оқылды: 707
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұрланған саусақ іздерін шетелдік арнаулы барлау қызметтері сатып алуы мүмкін. Бұл туралы CBAP жетекші бизнес сарапшысы Алмас Нұржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұрланған саусақ іздері биометриялық жүйелермен қорғалған құрылғыларға кіру үшін қолданылуы мүмкін. Айталық, хакер ұрланған саусақ ізін цифрлық әмиянды немесе банктік есепшот пен кредит картасын бұғаттан ажырату үшін қолдана алады. Сонымен қатар саусақ іздері даркнетте (ағылшынның DarkNet сөзі «жасырын желі», «күмәнді интернет, желі», «көлегейлі желі, веб» деген мағына білдіреді) сатылуы ықтимал. Желіде көптеген астыртын нарық бар. Онда ұрланған жеке деректерді сатуға болады. Аталған алаңдарда шетелдік арнаулы барлау қызметтерінің де сатып алушы болатындығы құпия емес. Ал биометриялық деректер ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды», - деді сарапшы агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, көптеген елде биометриялық деректер сәйестендіруден бастап, дауыс беруге дейінгі түрлі мақсатта қолданылады.

«Мәселен, АҚШ-та иммиграциялық емес визамен елге келген барлық шетелдік азаматтан саусақ ізі алынады. Албания 2021 жылы саусақ ізімен дауыс беруді енгізді», - деді Алмас Нұржанов.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынады.

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев