БІРЛІКТІКТЕРДІҢ ТІРЛІГІ ТАРТЫМДЫ

Уақыты: 03.10.2023
Оқылды: 709
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаркент өңірінде «Алтыүй» деп аталатын үлкен ауыл бар. Бұл атау сонау өткен ғасырдың алғашқы онжылдығында, дәлірек айтсақ, 1908 жылы бос жатқан боз далаға егін егіп, күн көру үшін басқа жақтан көшіп келген алты шаруа отбасымен тығыз байланысты. Ел іргеленіп, өсе келе сол алты-ақ үйлі ауыл «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», – демекші, өткен ғасырдың орта шенінде үлкен шаруашылықтың орталығына айналды.

Оған Арқас тауының баурайындағы Шежін, Қонақай, Желдүз, Нәдек, Ақкент, Үлкеншыған ауылдары қосылып, С. Киров атындағы үлкен шаруашылық өндірісі іргеленді. Қазір Алтыүй «Бірлік» ауылдық округінің орталығы. Бұл округтен жоғарыда аталған ауылдардан Үлкеншыған бөлініп, өз алдына округ орталығы атанды.

Алтүйдің жазда жасыл желекке бөленген түзу, кең көшелері, гүлзар бақтары, жыл сайын мың балаға жуық партаға отыратын үш қабатты мектебі, қарағай мен аққайың қоршаған Мәдениет сарайы мен жабық спорт кешені, сауда орталығы, қос қабатты әкімшілік кеңсесі тағы басқа өндірістік, әлеуметтік ғимараттары мұнда тіршілігі тартымды еңбекқор ел жасайтынын айғақтайды. Осы игіліктің бәрі округке қарасты елді мекендер тұрғындарының тізе қосып, білектесіп, бірлесіп, ұзақ жыл жасаған еңбектерінің жемісі. Бұл өңірде бабадан балаға мұра болып келе жатқан жәдігер көп. Солардың арғысына тереңдемей бергісінен бір үзік сыр қозғайық.

Алтүй ауылында үш қабатты жабық спорт кешені бар дедік. Онда қазір аудандық №2 спорт мектебі орналасқан. Спорт мектебінде 1598 оқушы спорттың 9 түрінен, атап айтқанда Грек-рим күресі, дзюдо, самбо, қазақ күресі, волейбол, баскетбол, футбол, үстел тенисі, грэпплингтен білім алып, шеберліктерін шыңдайды. Оларға кәсіби білімі мен білігі бар 43 жаттықтырушы ұстаздық етеді. Шәкірттер арасында дзюдодан 7 дүркін Қазақстанның чемпионы атанған Жанар Қашқын, Азия құрлығының чемпионы Тоғжан Дәулеткелді, республикалық, аймақтық жарыстарда алтыннан алқа таққан Нұрай Хамзаева, Қарақат Рақыбай, Әли Дәулетбек, Грек-рим күресінен Еркебұлан Қазыбек, Хамза Бағдәулет, Алмас Сүлейменов, валейболдан Құрмет Нұрдәулет, Адина Самратқызы, Алина Омарқасым, көптеген жалынды жастар бар . Әртүрлі деңгейдегі жарыстарда алтыннан, күмістен, қоладан мектеп қоржынына олжа салған жампоздар да аз емес. Спорт мектебінің директоры Жігер Райымбековтың мәліметін ақтарып, спорттағы озат атанған жасөспірімдердің бәрін атап шығу мүмкін еместігін аңғардық.

Мұны тілге тиек еткеніміз мұндай спорт кешендері облыс орталықтарында ел тәуелсіздік алғаннан кейін ғана пайда бола бастаса, алтыүйліктер оны өткен ғасырдың сексенінші жылдарында- ақ салып алып, ауыл тұрғындарының саламатты тіршілігіне жағдай жасаған. Бұл сол тұста еңбек еткен әкелеріміз бен аналарымыздың, әсіресе сол кезде біліктілікпен шаруашылық басқарған Ыбрайымжан Қожахметов ағамыздың бүгінгі ұрпағына қалдырған асыл жәдігері емес пе?!

Ауылдың бүгінгі тіршілігі туралы айтпас бұрын кезінде берекесі тасыған Бірлік ауылдық округі тұрғындары да өтпелі кезең қиындықтарын бастан кешіргенін, алдымен әр ауыл өзінше бөлініп өндірістік кооперативтерге біріккенін, кейіннен әркім шаруашылықтан өз үлесін алып, жеке шаруа қожалықтарын құрғанын білеміз. Қазір ауылдық округ аумағында 400-ден астам жеке шаруа қожалығы ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысады. ЖШҚ арасында қазіргі таңда шаруасын түзеп, егіншілікпен, мал өсірумен шұғылданып жүрген Серік Қожахметов, Сатымбай Әтиев, Серікбай Омарбеков, Рафхат Сағымбеков, Райкүл Сейітқапарова, Әділет Иманбеков, кәсіпкер Сайдахмет Анаятов сынды азаматтар ауыл мақтанышы. Егіншілер биыл 2831 гектар жерге жүгері дақылын өсіріпті. Одан басқа 30 гектар арпа, 66 гектар картоп, 58 гектар көкөніс, 10 гектар жерге бақша егіп, олардан мол өнім жинаған. Қазір өңірде жүгері жинау науқаны басталды. Жүгерішілер күзгі жиын-терінге қызу кірісті. Қыркүйек айының алғашқы аптасында ауданда алғашқы болып алтыүйліктер алқаптарына орақ салып, өнімдерін қырманға әкелді. Егін алқаптарына биыл 750 тонна минералды тыңайтқыш сіңірген, қожалықтар науқандық жұмыстарға қажет 58 тонна жанармайды арзандатылған бағада алды. Сонымен қатар егістік алқаптарына 4 мың тоннадан астам органикалық тыңайтқыш сіңірілді. Арам шөптерден тазарту үшін 2600 гектар жерге түрлі гербицид қолданылды, 3870 гектар егістік алқабына шегірткеге және түрлі зиянкес жәндіктерге қарсы химиялық өңдеу жұмысы жүргізілді. Осындай егістіктің технологиялық шараларын талапқа сай қолданудың нәтижесінде округ диқандарының жүгерісі бітік шықты.

Округте негізінен қазақ, ұйғыр халқы тұрады. Олардың қуанышы мен қайғысы ортақ. Негізгі кәсібі мал бағу мен жүгері өсіру. Балалары да Алтыүй, Нәдек, Шежін ауылдарындағы мектептерде білім алады. 2012 жылы Нәдек ауылында 120 орынды жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілген. Шежін ауылы да аудандағы орталықтан шалғай елді мекеннің бірі. Ауыл тұрғындарының жол салу туралы сурауының нәтижесінде жолы асфальтталды. Биыл бұл ауылда 861,8 милион теңгеге асханасы мен спорт залы бар 60 орынды жаңа мектеп салынып, ақпан айында пайдалануға берілді. Алтыүй ауылындағы Ә. Қастеев атындағы орта мектептің өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында салынған үш қабатты ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге құжаттары дайындалды.

Былтыр Алтыүйдегі дәрігерлік амбулаторияға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген. Нәдек ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Шежін ауылында бір ауысымда 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы сұралуда. Биыл аудандағы 15 ауыл қатарында Алтыүй ауылына да табиғи ғаз құбыры жеткізілмек.

Округ азаматтары осыдан 19 жыл бұрын халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық тойы қарсаңында Шежін ауылының іргесінен өз қаржыларына ашық аспан астындағы этникалық парк жасаған болатын. Оған таудан үлкен тастар әкеліп, Әбекеңнің «Турксиб түйіскенде», «Мектепке барған қыз», «Ана», «Сағымбек Құсықбаевтың портреті», секілді атақты картиналары кәсіби мүсінші қолымен көшірілген. Бақ төріне Елшібек бабаға биік кесене, Бағай батырға ескерткіш қойылып, ауылдың Екінші дүниежүзілік соғыста құрбан болған және отызыншы жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін көрген азаматтарының есімі жазылған ескерткіш тас тақта жасалды. Мұнда Алматыдан келген оқу орындарының өнерлі студенттері ағаштан ойып жасаған мүсіндер бар. Көптеген саялы ағаш көшеттері егіліп, олар кейіннен су болмағандықтан қурап қалды. Парк қоршалмағандықтан ескерткіштердің де кетеуі кете бастаған. Алдағы 2024 жылы Әбекеңнің туылғанына 120 жыл толады. Ғасырлық тойын ЮНЕСКО атап өткен алыпты тағы еске алу ауылдастардың парызы. Сондықтан этнопарк қоршалса, оған ағаш суаратын арық тарту мәселесі шешілсе деген ел тілегін жеткізу бізге де міндет.

Бірлік пен береке негізі бір күнде қаланбайды. Оның тамыры тереңде, қанға сіңген табиғаттан ерекше. Алтыүй ауылындағы халық суретшісі Әбілхан Қастеев атындағы орта мектеп жанындағы тарихи өлкетану мұражайын аралап көрген жан округке қарасты ауыл тұрғындарының өрбу, өсу соқпағынан байқайды. Мұражайдың үлкен екі бөлімі жергілікті халықтың мақтанышы Халық суретшісі Әбілхан Қастеев пен Халық жазушысы Зия Сәмәдиге арналған. Мұнда олардың ұстаған бұйымдары, киімдері мен еңбектері қойылған. Кезінде ауыл экономикасы мен ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға көп еңбек сіңірген, ұжымшар басқармасының төрағасы, Алматы облысының құрметті азаматы, марқұм Ыбрайымжан Қожахметовке арналған бөлім де қомақты. Сол сияқты фото-суретті тақталардан кең орын алған ауылдың даму тіршілігі, оның құрметті еңбеккерлері мен оқымыстылары жайлы деректер де зер салғанға талай жайды аңғартады. Мұражайдың қазақтың қолданбалы қолөнері бөлімі ауылда он саусағынан өнер тамған жандардың бар екенін  байқатады. Осыларды көре тұрып тағы да еріксіз ойланасың, «тарихыңды таны» деген сөз тіркесінің жай ғана орайласқан қанатты сөз еместігіне көз жеткізесің. Әр ауылдың, әр отбасының өз тарихы бар, сол бастаулар бірігіп, үлкен арна жасамай ма?!

Округ әкімінің мерзімдік есебін қарап отырсаң жайшылықта тып-тыныш, бұйығы көрінетін ауыл тіршілігі іштей бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқанын аңғарасың. Мысалы осындағы «Әтиім» ЖШҚ биыл жаңа трактор, тұқым сепкіш, култиватор сияқты ауылда шаруашылық техникаларын сатып алыпты. Бұдан бүгінгі қожалықтар біртіндеп күш-қуат жинап, ауыл шаруашылығы өндірісіне аса қажет техникаларға қол жеткізе бастағанын білесің.

Ауыл тұрғындары көктемгі, күзгі тазалық айлығына белсенділікпен атсалысады. Мәдени іс-шаралар да мазмұнды өткізілетіні көрініп тұр. Округ орталығында «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналарға арнап 8 наурызда, басқа да мерекелерде концерт көрсетіліп, дастарқан ұйымдастырылыпты. Округ тұрғындары жаңа жағымды бастамаларымен бүкіл өңір жұртшылығына үлгі болып келеді. Былтыр халық Алтыүй, Нәдек, Шежін ауылының көшелерін өз күштерімен жарықтандырыпты. Бұл іске қатардағы қарапайым тұрғындар қал-қадірінше ақшасын жинаса, кәсіпкер, қалталы азаматтар ауылдастарының жетпей жатқан қомақты қаржысын өз есебінен шығарып, Алтыүй ауылында 20 көшені, Нәдек пен Шежін ауылында бірнеше көшені жарық шам орнатты.

Өткен жылы округте 7,5 миллион теңге салық болжамынан артық жиналып, осы қаржыны елді мекендерді селден қорғау жұмыстарына, көшелерге шағыл төсеуге, ауылдарды абаттандыруға жұмсаған. Жергілікті бюджет қаржысына әкімшілік кеңсесінің айналасы абаттандырылып, Шежін ауылындағы Ә. Қастеев көшесі жарықтандырылды. Нәдек-Алтыүй ауылдарын жалғаған жол асфальтталды. Осындай игілігі мол істерге округ әкімі Дидар Мұқаметжан мұрындық болып, ауыл ақсақалдары мен азаматары оған қолдаушы бола білді. Міне, осының бәрі ауыл тіршілігінің өркендеу бағытында дамып келе жатқанын аңғартады.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы