Талдықорғанда қала күніне арналған концерт «Жастар» саябағында өтті

Уақыты: 01.10.2023
Оқылды: 384
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісудың жүрегі – Талдықорғанның туған күнін жұртшылық биыл да көтеріңкі көңіл-күймен тойлады. Мереке қарсаңында газ тартылып, баспана беріліп, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды.  Қала күніне арналған дүбірлі думан «Жастар» саябағында өткен концертпен жалғасты.

Саябақта шаһардың мерекесін тойлауға келген жұрттың қарасы қалың. Шарада құттықтау сөз алған қала әкімі Ернат Бәзіл:

– Аз уақыттың ішінде қаламыздың тотыдайын түрленіп, жылдан жылға гүлденіп келе жатқанына өздеріңіз куәсіздер. Жетісудың жүрегі – Талдықорған, республика бойынша ең көрікті, өзіндік сәулет өнерімен қалыптасып келе жатқан таза, жасыл желекті әсем шаһар. Сіздер қаламыздың ең құнды байлығысыздар, өздеріңіздің арқаларыңызда Талдықорған ерекше сипат алып келеді. Әр еңбек адамы, қоғам мүшелері қала дамуына өз үлесін қосуда. Баршаңызға Талдықорғанның гүлденуіне қосқан еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деп ақжарма тілегін ақтарды.

Осыдан кейін Ернат Бәзіл қаламыздың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан мәдениет саласының ардагері Рахмет Есдәулетовқа, «Раушан-Гуль» ЖШС-нің директоры Атлас Молдахметоваға, «Самай» ШҚ басшысы Еркімбек Слямовқа, «Намыс» барлық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің директоры Мұхит Тұрсынбаевқа, «Фирма Сәттілік» ЖШС-нің директоы Виктор Буковқа, «ЖетісуЖилСтрой» ЖШС-нің техникалық директоры Азиз Есмахановқа, «ГАКУ-Құрылыс» ЖШС-нің директоры Геннадий Кудиенкоға «Талдықорған қаласының Құрметті азамы» атағын берді.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қала күніне орай Ернар Айдар, Нұржан Керменбаев сынды елімізге танымал өнер жұлдыздары әуелетіп ән салып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Айдар ҚАЛИЕВ