«ЖЕТІСУ ҰСТАЗЫ» ТАҢДАЛДЫ

Уақыты: 02.10.2023
Оқылды: 690
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жетісу ұстазы» байқауы өтті. Байқау шығармашылықпен жұмыс істейтін, талантты, ой-өрісі биік, жаңашыл идеясы бар, әдістемелік шеберлігі мен педагогикалық мәдениеті жоғары, жан-жақты дамыған мұғалім мәртебесін арттыратын ерекше тұлғаны анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Додаға жалпы орта білім беру ұйымдарынан педагогикалық еңбек өтілі 6 жылдан кем емес 11 педагог қатысты. Байқаудың бірінші кезеңі Талдықорғандағы №14 орта мектеп-гимназиясы базасында өтіп, қатысушылар күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес сабақ өткізді. Қ. Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейі базасында өткен «Білім берудегі жаңа трендтер» атты 2 турында ТЕD форматта  өз тәжірибесіндегі  жаңаша трендтерді демонстрациялап,  «Ұстаз – ұлы есім» атты  фотоэссе турында мұғалім өзінің педагогикалық қызметіндегі ерекше сәттерінен 5 фотосерия  көрсетті.

 Байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешіміне сәйкес жеңімпаздар анықталып, сый-сияпат табысталды. І орынды Сарқан ауданындағы №1 мектеп гимназиясының  биология пәнінің мұғалімі Іңкәр Рахманова алып, автокөлік иеленді. ІІ орын Алакөл ауданы Теректі орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі  Кайнар Тоғанбаевқа бұйырды. ІІІ орынды  Көксу ауданы М. Құрманов атындағы №2 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Нұрдыбек Талдаубек қанжығасына байлады.    

«Үздік сабақ» номинациясы бойынша жүлдені Ескелді ауданы, Қаратал орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Михов Кирилл алса,  «Үздік фотоэссе» номинациясын Талдықорған қаласы Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Динара Айдабаева иеленді. «Шығармашыл педагог» номинациясына Панфилов ауданы Б. Момышұлы атындағы орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Маржан Бердіғұлова ие болды.

Айғаным АЙТМҰХАН