Жүргізуші апат болған жағдайда не істеу керек?

Уақыты: 03.10.2023
Оқылды: 442
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жүргізуші үшін көлікпен апатқа ұшыраудан басқа қасірет жоқ. Бірақ Алланың ісінен адамның қашып құтылмайтыны ақиқат. Тіпті ұзақ жылдық тәжірибесі бар кәсіби жүргізуші де апатқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан әрбір жүргізуші соқтығысып қалғанда не істеу керегін білуге міндетті. 

Машинаны өшіріңіз 

Апат болған жағдайда ең алдымен машинаның қозғалтқышын өшіріп, кілтті тұтандырғыштан алып тастаңыз. Көлігіңіздің жанып кетпейтініне көз жеткізіңіз. Содан кейін темір тұлпарыңыздың сырғып кетпеуі үшін қол тежегішті таптып қойғаныңыз абзал. 

Көліктен шығуға асықпаңыз

Апаттан кейін көліктен шығуға немесе жүгіруге асықпаңыз. Ең алдымен өзіңіздің бүтіндігіңізге көз жеткізуіңіз керек. Ал егер көлікте жалғыз болмасаңыз жаныңыздағы жолаушылардың аман-саулығын тексеріңіз. Барлығы жақсы екеніне өзіңізді сендіргеннен кейін кездейсоқ өзге көлік құралының дөңгелектерінің астында қалмас үшін автомобиль жолының көрінісін бақылай отырып, көліктен абайлап шыға аласыз.

Соқтығысқан көліктегі адамдардың жағдайына назар салыңыз

Апат болғаннан кейін ең бастысы адамдардың амандығы болуы тиіс. Өз көлігіңізден оңай шыға алсаңыз сізге соқтығысқан көліктегі адамдардың жағдайын тексеріңіз. Жол қозғалысының басқа қатысушыларымен  бәрі қалыпты екеніне көз жеткізгеннен кейін, сіз өзіңізді тыныштандыруға бірнеше минут беруіңіз керек. 

Апат болған орынды бағдарлап, барлық детальдарды суретке түсіріп алыңыз 

Апатты ресми рәсімдеуге кірісер алдында барлығына мұқият назар аударыңыз. Полиция қызметкерлері келгенге дейін автомобильдерді жолдан шығармас бұрын, апатқа қатысқан барлық көлік құралдарын суретке түсіру керек. Әр түрлі жерлерден және түрлі ракурстардан суреттердің максималды санын алыңыз.

Полиция қызметкерін шақырыңыз

Егер сізде басқа жүргізушімен келіспеушіліктер болса, онда апат хаттамасын рәсімдеу үшін жол полициясының қызметкерлерін шақырыңыз. 102-ге хабарласыңыз. Бұл жағдайда апат куәгерлерімен де байланыс орнатып үлгеріңіз. Өйткені екінші жүргізуші кінәсімен келіспегендіктен, өзіңізді апатқа айыпты деп тануы мүмкін. Мұны полиция органдарында аға-көкесі барлар жиі жасайды. Бұл жағдай біздің елімізде жиі қайталанады. 

Бейне тіркеушінің флэш-картасын қауіпсіз жерге жасырыңыз

Егер сіздің машинаңызда бейне тіркеуші орнатылған болса, онда апаттан кейін ондағы бейнежазбаның сақталуын басты назарда ұстаңыз. Ол үшін апаттан кейін флэш-картаны бейне тіркеушіден дереу шығарып, оны жасырған дұрыс. Содан кейін апат болған жерге келіп, сізден "флэш-дискіні"ала алатын таныстарыңыздың біріне қоңырау шалыңыз.

Егер сіздің көлігіңіз "Каско" полисі бойынша сақтандырылған болса, онда апаттан кейін сіз сақтандыру компаниясына бірден хабарлауыңыз керек. Әрі қарай, сақтандырушының нұсқауларын орындаңыз. Жол үстінде абайлап жүріңіз. Өз өмірің - өз қолыңда! 

Дереккөзі: massaget.kz
Фото: ғаламтордан алынды