ӨРКЕНИЕТКЕ БЕТБҰРЫС

Уақыты: 03.10.2023
Оқылды: 702
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» тақырыбында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы Жолдауда елдің болашағы мен дамуы үшін маңызды деген салалардың бірқатар бағыт-бағдарын айқындап берді. «Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, сондықтан ұзақмерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі 3 жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл дегеніміз – саяси  реформа жасауда табандылық пен тәуекелділік керегін аңғартты.  

Бар шикізат өзімізде өңделгенде ғана экономикалық тұрақтылық пен экономикалық тәуелсіздік болатыны белгілі. Жолдауда отандық өндіріске басымдық беру көзделген. Экономиканың басты бағыттарының бірі де осы. Отандық тауарды өзге елдерге экспорттай отырып, ішкі нарықтағы бағаны назарда ұстау керегі айтылды. Ол үшін экономикалық саясатпен бірге ұлттық идеологиялық саясатты да қатар ұстау керек. Мәселен, сатылымдағы тауардың басым бөлігі шетелден тасымалданады. Шикізат қоры бола тұра, өндірістік сала жолға қойылмаған соң тауарды сырттан алуға тура келеді. Нәтижесінде елімізде экспорттан гөрі импорттық өнім мөлшері жоғары. Отандық өндіріс саласының дамуына кедергі келтіретін факторлар да жетерлік. Бұл мәселеде сарапшылар заңдық тұрғыда шешілмеген тетіктер мен кедергілердің көп екендігі айтылуда. Көп жағдайда өндірушілердің мүддесі қорғалмаған. Қаржыландыру, салық мәселесі, ақпараттық қолдаудың да өз деңгейінде жүргізілмей келе жатқаны кері факторлардың айғағы. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», – деді. 

Елдің көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға қойылатын жаңа талаптар анықталды. Ел ішіндегі көлік жүйесін дамытпайынша жаһандану жағдайларында Қазақстан экономикасын әлемдік жүйеге сәтті ықпалдастыру мүмкін емес. Сондықтан, көлік саласын дамыту, тұтастай алғанда, көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту деңгейін арттыруға бағытталуы тиіс екендігі де айтылды.

Соңғы жылдары ғалымдар жылдан жылға су көздері тартылып жатқанын ескертіп келеді. Құрғақшылық пен су тапшылығы барлық салаға кері әсерін тигізуде. Бұл мәселе де назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Кемелұлы су үнемдейтін технологияларды енгізу аса маңызды және шұғыл міндет екенін, сондай-ақ, су қоймаларын салу керектігін айтты. Еліміздің трансшегаралық аймақтарына өзендер Қытай, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстаннан келетіні белгілі. Бұл дегеніміз, болашақта су мәселесі – ұлттық қауіпсіздігіміздің мәселесіне әкеп соғуы әбден мүмкін. Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің алдында ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Осыған дейін Су ресурстары комитетінің жұмысына сын көп айтылып келді. Бұл салаға жүйелі түрде реформа жүргізілмеді, жаңа бастамашылдыққа бармады. Оның үстіне бір мекемеден екінші мекемеге алты рет көшкен екен. Енді өз алдына жеке ведомство болуы – су мәселесіндегі қордаланған мәселелерді шешумен қатар жаңа идеяларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік бар деген сөз. 

Болашақта еліміз энергия көздеріне де тәуелді болмауы үшін ГЭС салу керегі де айтылды. Атом электрстансысын салу мәселесіне халық тарапы талайдан бері қарсылық білдірген еді. Мемлекет басшысы  бұл жағдайды да ескере отырып, референдум өткізу арқылы дауысқа салу керектігін айтты.  

Экономика, қаржы, отандық өндіріс, көлік логистикасы, туризм, энергетика, су және жер ресурстарын пайдалану мәселелерімен қатар мемлекеттік сатып алу, агросектор, әскери техниканы жабдықтау, геология және барлау жұмыстарына да жеке-жеке тоқталды. Жоғарыда айтылған міндеттер мен ұсыныстардың орындалуы үшін де азаматтық қоғамның пікірі ескерілуі керек. Яғни, билік, үкімет, қоғам, парламент болып бір мүддеге жұмыла атсалысқан да ғана нәтиже беретіні сөзсіз.

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,
Мұхаметжан Тынышбайұлы 
атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі