"Көшелерде жарық жоқ": 3-бөлімше тұрғындары өзекті мәселе көтерді

Уақыты: 03.10.2023
Оқылды: 725
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов бастаған жұмыс тобы шаһарға қарасты 3-бөлімше тұрғындарының өтініш-тілегін тыңдау үшін арнайы ат басын бұрды. Көкейкесті ойларын жеткізуге жиналғандар кездесуде өздерін мазалаған бірнеше мәселені алға тартып, салаларға жауапты жергілікті билік өкілдерінен жауап алды.

Белгілі болғандай, жергілікті жұртшылықты бірнеше жылдан бері төмендегі мәселелер қинап жүрген көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, соның алғашқысы жол. Мәселен, аталған елді мекендегі жолдарға асфальт төселмеген, жиегінде тротуар жоқ, яғни адамның алаңсыз жүруіне оңтайлы жағдай жасалмаған. Қазіргі кезде халыққа әлеуметтік желі ауадай қажет. Ал бұл үшін интернет желісінің жылдам жұмыс істеуі маңызды. Осы ретте аталған елді мекендегі интернет сапасының нашарлығы көпшіліктің ашуын туғызуда. Соңғы жылдары қала халқы күн санап өсіп келеді. Сол себепті адам көп шоғырланған жерлерде міндетті түрде балабақша мен мектеп болу қажет. Мұндай мекемелер бөлімшеде салынбапты және көпшіліктің көкейін тескен өзекті проблеманың біріне айналған. Соның салдарынан балалар қала орталығына қатынап оқиды. Жасөспірімдер үшін ол алыс, әсіресе, қыс кезінде қауіпті әрі қиын. Аялдамалар да жабдықталмаған, яғни, жабық емес. 

– Көшелерде жарық жоқ. Бірнеше үй бір электр бағанынан жарық тартып отырмыз. Ол үлкен салмақ түсіреді. Содан жарық жиі сөнеді. Бірақ, қазір электр бағаналары шетінен орнатылып жатыр. Сол жұмыстар уақытылы аяқталып, электр жарығымен тезірек қамтылсақ деп армандаймыз. Бізге қалаға әрі-бері қатынайтын қосымша автобустар керек. Қоқыс таситын көліктер де қажет. Бөлімшеміз бен көшелерге тұрақты ат берілсе, әр үйге нөмір қойылса деген тілегіміз бар. Осы жиында көтерілген проблеманың бәрі шешіліп, билік халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе, жоспарланған істер кешікпей шешімін тапса жақсы болар еді, – дейді көпшіліктің тілегін жеткізген 3-бөлімшенің тұрғыны Айнұр Дәулетханқызы.         

Бөлімшеде адамдарға алғашқы көмек көрсететін медициналық пункт қарастырылмапты. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жағы да қиынға соғып отырған көрінеді.    

Өздеріңізге белгілі, 3-бөлімше қаланың кіреберіс тұсына орналасқан. Сол себепті көзге оғаш көрінбей, сонау жақтан әдемі болып тұруы тиіс. Ол үшін жол жиегі қызылды-жасылды гүлдермен көмкеріліп, тал, терек, қарағай, қайың, шырша сияқты ағаш түрлерімен көгалдандырылуы керек. Бұл жұмыстар да оң шешімін табуын күтіп тұр. Тұрғындар тарапынан су мәселесі де көтерілді. Яғни, су лас, су құбыры тартылмаған. 

Осыған байланысты халық тілегіне құлақ асып, ойын жеткізген Қуаныш Бақытұлы жол мәселесі бойынша бүгінде қажетті құжаттамалардың дайындалып жатқанын және қаражат сұралғанын, автобус аялдамаларының да назарда тұрған мәселенің қатарында екенін, көп ұзамай интернет желісінің тартылатынын, 3-бөлімшеден Талдықорған қаласына кіреберістегі аркаға дейінгі жол жиектеріне 1 мыңға жуық ағаш отырғызылатынын, тендер ұтып алған мердігер компания күшімен аптасына бір рет қоқыс қалдығының шығарылып отыратынын уәде етті.

Қазіргі кезде мердігер мекемелердің электр желісін тарту бойынша жұмыстарды атқарып жатқанын, биыл жыл соңына дейін немесе келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отырғанын, бұған қоса көше шамдарының орнатылатынын, қосымша тағы 2 автобус қарастырылатынын, бүгінде осы бойынша жұмыстардың нақтыланып жатқанын түсіндірді. 

Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда көтерілген түйінді мәселелердің бәрі біртіндеп шешілетінін, қазір тиісті жұмыстардың іске асырылып жатқанын және мұның бәрі бақылауда болатынын айтып, сендірді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Талдықорған қаласы

Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ