Бас жоспарға өзгеріс енгізіледі

Уақыты: 07.10.2023
Оқылды: 695
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облыстық мәслихатының бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы өтті. Онда бірнеше мәселе қаралды.

Атап айтқанда, «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағын беру, Талдықорған қаласының бас жоспары жобасына өзгеріс енгізуді мақұлдау, Жетісу облыстық мәслихатының 2022 жылғы 17 қазандағы «Жетісу облысындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, «Жетісу облысы бойынша  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, «Жетісу облысы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес 9 азаматқа «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі бірауыздан қабылданған соң Талдықорған қаласының бас жоспары жобасына өзгеріс енгізу мәселесі талқыға салынды. Атап айтқанда, 2014 жылы әзірленіп, бекітілген бас жоспарға қала шегарасын реттеу, саяжай алқаптарына байланысты мәселелерді шешу, қаладағы шағын және орта бизнестің тұрақты дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыру, қала аумағындағы жерлердің экономикалық, әлеуметтік жағдайын ескере отырып, дамыту сынды мәселелерді кіргізу жайы сөз болды. Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу зауыттарын ашу жайы айтылды. Аталған мәселелер бас жоспардың жобасына енгізіліп, шешімнің орындалу барысы бақылауға алынады.

Одан кейін Жетісу облысы әкімдігінің қаулысымен өзгертілген әкімдік жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың  дербес құрамы дауыс беру арқылы бекітілді.

Комиссия отырысы Жетісу облыстық мәслихатының кезектен тыс IX сессиясымен жалғасты. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, аппарат басшысы Нұржан Егінбаев, облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасының басшысы Даркен Нұржанов, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қатысқан мәслихаттың кезектен тыс ІХ сессиясында комиссия енгізген барлық мәселелер депутаттардың тарапынан жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Гүлжан ТҰРСЫН