Баспана нарығында баға қалай өзгеріп жатыр?

Уақыты: 10.10.2023
Оқылды: 546
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй нарығындағы ахуал жөнінде мәлімет ұсынды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Атап айтқанда, биылғы және былтырғы қыркүйек аралығындағы бағаны салыстырғанда:

  • жаңа тұрғын үйлерді сату 5,7% қымбаттады,
  • пәтерлерді қайта сату 3,9% арзандады,
  • абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу 0,2% төмендеді.

Жаңа салынған үйлер едәуір қымбаттаған өңірлер:

  • Павлодар – 18,9%,
  • Семей – 16%,
  • Ақтау – 11,7%.

Қолданыстағы баспана бағасы ең көп көтерілген қалалар:

  • Семей – 25,3%,
  • Қызылорда – 14,6%,
  • Талдықорған – 9,7%.

Жалға берілетін баспана құны қымбаттаған қалалар:

  • Қарағанды – 24,8%,
  • Қонаев – 24,6%,
  • Қызылорда – 22,5%.

Жалпы, тұрғын үйді алып-сату бойынша биылғы қыркүйек айында 35 398 мәміле жасалған. Оның ішінде жеке үйлер – 8 815, көппәтерлі үйдегі баспана – 26 583. 2023 жылдың тамызымен салыстырғанда (38 810) үй нарығындағы мәмілелер саны 8,8% азайған.

Үй саудасы Астана (6 731 – 19%) және Алматы (6 436 – 18,2%) қалалары мен Қарағанды облысында (3 041 – 8,6%) көп болған. Баспана ең аз сатылған өңір – Ұлытау, 319 бірлік (0,9%).

Биылғы қыркүйекте баспананы сату-сатып алу келісімдері былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 2,3% азайған, ол кезде 36 241 мәміле ресімделген болатын. Азаюдың ең жоғарғы көрсеткіші Түркістан облысында (26%) тіркелді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында баспана саудасы керісінше, артқан (22,1%).

Фото: freepik.com