Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Уақыты: 11.10.2023
Оқылды: 388
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қабылдауға кірген 10-ға жуық адам негізінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй және жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу, білім беру және денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты жүгінді.

Мәселен, С.Теңізбаева ерекше қажеттілі бар балаларды оңалтуға бағытталған коррекциялық кабиентте кезекте тұрғандардың көптігін айтып, қосымша тағы бір кабинет ашылса деген ұсынысын жеткізді. Сол сияқты сырқаты бар балалармен жұмыс істейтін жекелеген мамандардың сол балалар мен олардың ата-аналарына деген дөрекі қарым-қатынасына жол берілмесе дейді. Алдағы уақытта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес білім басқармасы келесі жылға бір коррекциялық кабинет ашуға қолайлы орын қарастырмақ. «Балалармен жұмыс істейтін мамандар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер, одан қорытынды шығармаса, тәртіп жаза қолданыңыздар. Біз қазір инклюзивті қоғам құруға, ерекше қажеттілігі бар жандарға кедергісіз қолайлы орта қалыптастыруға жұмыс істеп жатырмыз. Ол ең алдымен сол азаматтарға деген дұрыс көзқарас пен жақсы қарым-қатынастан басталады», - деді Бейбіт Исабаев.

Ескелді ауданында тұратын кәсіпкер Қ.Бөрібай біраз жылдан бері аудандық әкімдік берген жер учаскесінде жылыжай шаруашылығымен айналысып келген. Бұл жері зираттың тұсында орналасқан екен. Кейін қорым маңындағы жерлердің мемлекеттік актісі жасалғанда бұл жер санитарлық қорғалатын аумаққа кіріп, сол себептен әкімдік оның орнына басқа жер ұсынған. Алайда кәсіпкер осы жерге жұмсалған шығынын әкімдіктің өтеп беруін талап етіп, сотқа шағымданған. Соттың шешімі жақын күндері шығуы тиіс. Бұл орайда облыс басшысы соттың шешімін күту керектігін айтты. Ары қарай соттың шешіміне қарай әрекет жасалатын болады. Сонымен қатар азамат бау-бақша үшін берілген жер учаскесіне тұрғын үй салуға рұқсат сұрады. Алайда мамандар бұл жерге құрылыс жүргізуге оның нысаналы мақсаты сай келмейтінін, оның заңға қайшы әрекет екенін түсіндірді. Қ.Бөрібайға үй салу үшін ЖТҚ-ға арналған жер учаскесі алу кезегіне тұру керектігі айтылды.

Талдықорғандық азамат Е. Шалипбаевтың да мәселесі тұрғын үйге қатысты. Үй кезегіне 2019 жылы тұрған. Тұрғын үй қатынастары туралы заңның тәртібі бойынша үй кезек ретімен берілетіндігін түсіндірген Бейбіт Исабаев мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуына қандай мүмкіндіктер бар екенін қарастыруды тиісті басқарма мен қала әкіміне тапсырды.

Қабылдауға жазылған барлық азаматтардың көтерген проблемалық мәселелерінің шешіміне қатысты тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берген облыс әкімі сұрақтардың бәрі де хаттамаға енгізілгенін, бұдан әрі өзінің жеке бақылауына алынатынын жеткізді.