Апорт алма ағашының өсуіне Жетісу жері қолайлы - маман пікірі

Уақыты: 12.10.2023
Оқылды: 783
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осы уақытқа дейін Қазақстанда апортты жаңғырту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілді? Алматының алмасы ұлттық брендке қашан айналады? Апорт сапасы өзгерген бе? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын inbusiness.kz сайты жариялады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елдегі "апорт" бақтарының ауданы – 2 мың гектар.

"Көшеттердің саны – 416 мың дана. Жалпы түсім 24 мың тоннаны құрайды. Апорт сортының бақтары тек Алматы облысында тіркелген. Өндірушілер саны 9-ға жуық шаруашылық. Бүгінгі таңда Апорт өндірушілерінің қауымдастығы тіркелді, өткен аптада олар құжаттарын алды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Апорттың сапасы бұрынғыдай ма?

Жалпы апорт алма ағашы 8-10 жылда жеміс береді. Ол ерекше күтімді қажет етеді. "Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС "Талғар" аумақтық филиалының директоры Сағи Солтанбековтың сөзінше, апорт алма ағашының өсуіне Алматы және Жетісу облыстарының жері қолайлы.

"Тек осы аймақтарда ол күздік-қыстық сұрып болып, жоғары сапада жеміс береді. Апорт сұрыпының өсуіне ең қолайлы аудандар – төменгі және орта таулы жемісті аймақтар, теңіз деңгейінен 950-1250 метр биіктік апорттың экологиялық оптимумына сай келеді. Оңтүстік аудандарда, Жамбыл және Түркістан облыстарында апорт алма ағаштары өседі және жеміс те береді, бірақ сапасы төмендеу. Күздік-қыстық сұрыптан ерте күздікке, кейде жаздық сұрыпқа айналып кетеді", - деді ол.

Осы уақытқа дейін апортты жаңғырту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілген көрінеді.

"Генетикалық кодтың бірегейлілігі бойынша тамырсабақ (подвой) – қалемше (привой) таңдалды. Жақсы сұрып клондарын микроклондау әдісін қолдана отырып, алғаш рет "жаңа өсімдік" апорт пробиркада (in vitro) алынды", - деп атап өтті спикер.

Сағи Солтанбеков Іле және Жоңғар Алатауларының жабайы жемісті алма ормандарына экспедициялық зерттеулер жүргізілгенін де тілге тиек етті.

"Нәтижесінде жабайы жемісті Сиверс алмасының 28 үлгісі алынған болатын, оның ішінде 11 үлгі ДНҚ бойынша апортқа сай келеді. Апорт үшін ең жақсы тамырсабақ – жабайы Сиверс және Недзведский алмалары. 2015 жылы Қазақ жеміс және жүзім ғылыми-зерттеу институтының Талғар аймақтық филиалында 5 га аумаққа аналық-кесінділерден бақ отырғызылды. Оған тамырсабақ ретінде апорт клондарына молекулярлық-генетикалық әдіспен Сиверс алмасының 11 үлгісі іріктеліп алынды. 2015-2023 жылдардағы ғылыми зерттеулер бізге апортты жандандыруда практикалық жолға шығуға мүмкіндік берді. Жақсы үлгілерден "жаңа" апорт көшеттері өсірілуде", - деп толықтырды ол.

Осы тұста ҒЗИ Талғар филиалының басшысынан апорттың сапасы туралы сұрап білдік. Сағи Солтанбеков оның сапасы өзгермегенін жеткізді.

"2015 жылы Қазақ жеміс және жүзім ҒЗИ Талғар филиалында отырғызылған бақ биыл жеміс салуды бастады. Бір жемістің салмағы 500 граммға жетті, иісі мен дәмі сақталған. Қазіргі кезде бақтардың шамамен 70 пайызы қартайған. Сондықтан табиғи жемісі ұсақталған, өнімділігі төмен және ауруларға төзімсіз", - деді ол.

Патенттеу қалай жүріп жатыр?

Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапарында Алматының алмасы әлемге танымал ұлттық брендке айналуы мүмкін екенін мәлімдеді. Президенттің айтқанын екі етпейтін шенділер бұл бағыттағы жұмысты бастап та кетті.

Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет министрі Азамат Есқараев апортты патенттеу жұмыстарының барысына тоқталды.

"Апорт алмасын дүниежүзілік географиялық көрсеткіш ретінде тіркеу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Осы жылы сәйкес қауымдастық та құрылған. "Қазпатент" ұйымына осы қауымдастық атынан алматылық апортты географиялық көрсеткіш ретінде тіркеу туралы өтініш түскен, оны елдің атынан тіркеуге тырысып жатырмыз", - деді ол.

Әділет министрлігінің мәліметінше, биыл 29 тамызда "Қазпатентке" географиялық көрсеткішті тіркеуге  және географиялық көрсеткішті пайдалану құқығын беруге № 05 жарлықпен жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі атынан "Алматы апорт өндірушілерінің қауымдастығы" өтініш берілген.

"Қазіргі уақытта өтінім сараптамада тұр әрі үш ай ішінде жүзеге асырылады. Үшінші тұлғалардың қарсылығы болмаған жағдайда сараптама жақын арада жүргізілуі тиіс", - делінген ведомствоның баспасөз қымзметі ұсынған хабарламада.

Жалпы әлемдегі танымал географиялық атауларға грузин шараптары мен минералды сулары, швейцариялық сағаттар, италиялық пармезан ірімшігі және т.б. жатады. Оның қатары енді Алматы апортымен толығуы мүмкін.