Ауыл – алтын бесік

Уақыты: 14.10.2023
Оқылды: 992
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мұсабек ауылдық округіне Мұсабек, Мәулімбай ауылдары мен Быжы, Бақша, Мойынқұм бекеті кіреді. 1807 тұрғыны бар округтің бүгінгі тыныс-тіршілігі көз қуантады. Аталған ауылдық округте қазақ, орыс, татар, ұйғыр этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. 

Бүгінгі таңда ауылдық округ тізгіні Мұсабек ауылының тумасы Ербол Тантыбаевтың қолында. Іскер азамат ауылын көркейту мақсатында қаладағы жұмысынан бас тартып, туған жеріне ту тігіп, ауылға көшіп барған. Ауыл әкімі округте атқарылған жұмыстарды кезең-кезеңімен көрсетіп, алдағы жоспарымен бөлісті. 

– Ауыл – бәріміздің кіндік қанымыз тамған киелі мекен. Ауылдан адам көшкенмен адамнан ауыл көшпейтінін бүгін түсініп келеміз. Әрбір адам туған жерінің өркендеуіне, гүлденуіне, көркеюіне атсалысуы қажет. Қара бастың қамына емес, елдің жағдайына алаңдап, ауылдағы ағайынның жайын ойлап қызмет етіп келеміз. Ауыл экономикасын, әлеуметтік ахуалын көтерсек қана ел болып дамыймыз. Қазіргі таңда ауылдық округте 121 шаруа қожалығы бар. Олар қант қызылшасы, соя, жоңышқа, бидай, картоп, жуа өнімдерін өсіреді. Жиын-терін жұмыстары басталып, шаруалар мол өніп алып, қамба толып, қуанышқа бөленіп жатыр. Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі біршама жақсарып келеді. Округте газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп, жолдар жөнделіп, балаларға арналған ойын алаңы, спорт алаңы, медициналық пункт салынып, көшеге жарық шамдары орнатылды. Ауылды көркейту үшін мемлекеттен де, облыс, аудан әкімдері тарапынан да барлық жағдай қарастырылған.  Ең бастысы – адал еңбек етсек болғаны, – деп атап өтті Ербол Жеңісбайұлы.  

Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуды білім ордасы –  мектептен бастадық. 189 оқушы білім алатын Қызыларық орта мектебінде 33 жоғары білімді ұстаз ауыл балаларына саналы тәрбие, сапалы білім беруде. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Оразгүл Қасенова оқушылар мен ұстаздардың аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жеткен жетістіктерін ауыз толтырып айтып берді. Бүгінгі таңда мектеп асханасынан 76 бала тегін тамақтанады. Бас аспаз, көпбалалы ана Жазира Рахимова асхана ең бірінші тазалықтан басталатынын, ауыл балаларының тамақты ысырапсыз ішетінін айтып, көңіл қуантты.  

«Облыс орталығынан тілшілер қауымы келді» деген хабарды естіген ауыл ақсақалдары мен ақсамайлы әжелер бастаған ауыл тұрғындары мектептің акт залына тегіс жиналған екен. Ойлы оқырманмен жүздесіп, арқаны кеңге жайып, еркін тақырыпта  көсіле сөйлесіп, ауылдаспен қауымдасып, бір жадырап қалдық. Ауыл азаматтары ауылдық округ әкімін өздері сайлап алғанына разы. «Ауылдың баласы» деп әр бастамасына қолдау білдіріп, жөн сілтеп, кеңесе отырып бірлесе еңбек етуде. «Jetіsý» газеті редакторының орынбасары Мәди Алжанбай жиналған көпшілікке сапардың мақсатын түсіндірді. Газетті тәрбие құралы санаған жұртшылық өз ойларын ортаға салды.  

Зейнеткер ұстаз, асыл ана Күлмән Балтаева әжелер ансамблінің атынан сөз алып, ауыл жетістігін тілге тиек етті. «Алма піс, ауызға түс» дейтін заманның өткенін, білім мен еңбекті ұштастырған адамның ғана бағы жанып, жұлдызы оңынан туатынын айта келе жұмыссыз жастарды еңбек етуге, ауыл тіршілігіне араласуға шақырды. Ауыл кіреберісінде орналасқан арка, аялдаманы ауыл азаматтары өз қаржыларына салғанын қуанышпен жеткізді. Келелі кездесуде ауыл азаматтары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әкім тарапынан тұшымды жауап алып, газеттің тұрақты оқырмандары ақ тілектерін айтып, ақсақалдар ақ батасын арнады. 

Тілші қауым ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке ат басын бұрдық. Дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емдеу-алдын алу мекемесі 2014 жылы ашылған. Қазіргі таңда 3 медбике, 1 «Жедел жәрдем» халыққа қызмет көрсетеді. Мұсабек округіне қарасты ауыл, бекеттерге айына 1-2 мәрте барып, денсаулығына байланысты тізімде тұрған науқастарға тегін дәрі тарату мекеме қызметкерлерінің еншісіндегі жұмыс. Бүгінде тіркеуде тұрған науқастар саны – 115 адам. «Гипертония, қант диабеті ауруына шалдыққандар көп», – дейді мамандар. Мұндағы ең үлкен мәселе – дәрігердің жоқтығы. Ауылға аптасына 2 күн ауданнан арнайы дәрігер келеді. Басқа уақытта алғашқы медициналық көмекті кез келген уақытта ФАП медбикелері Ләззат Дулатбаева, Айнұр Иманжанова, Бота Түстебаева және 20 жыл «Жедел жәрдем» жүргізушісі қызметін атқарып келе жатқан Дулатбай Дәулетұлы көрсетеді. 

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суреттерді түсірген Руслан ҚАДЫРОВ