Өнертапқыштар робот құрастырды

Уақыты: 15.10.2023
Оқылды: 665
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Жер – 2023» ауқымды оқу-жаттығуларында үйінділер астында адамдарды іздеуге арналған роботты таныстырды.

Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу Алматы қаласында өтті. Төтенше қызметтер жойқын жер сілкіністеріне қарсы әрекет ету әдістерін пысықтады. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов республикалық жедел-құтқару жасағының мүмкіндіктерін бағалады. Жылжымалы басқару пункттері, жылжымалы госпиталь, зардап шеккендерге арналған шатырлы лагерь, сондай-ақ, зияткерлік мектеп оқушыларының робот-құтқарушысы ұсынылды.

Талдықорған қаласындағы NIS 11-12-сынып оқушылары Әйгерім Әубәкір мен Іңкәр Құрманбаева үйінді астындағы зардап шеккен адамдарды іздеуге, алғашқы қажетті көмек көрсетуге, рация арқылы мамандармен байланысуға және отты сөндіруге қабілетті Saver роботын құрастырды.

– Әртүрлі апат кезінде құтқарушыларды немесе басқа мамандарды үйінділерге жіберу өте қауіпті. Себебі, мұндай жағдай адам өміріне қауіп төндіреді. Сол себепті біз робот жасауды шештік. Роботқа нейрондық желі негізінде жұмыс істейтін жасанды интеллект енгізілді. Ол спутниктен координаттарды жеткізе алады және адамның орналасқан жері туралы белгі жіберуге мүмкіндігі бар, – дейді өз жобасы туралы жас өнертапқыштар.

Сол ноу-хаумен Іңкәр мен Әйгерім ел астанасында «Solve for Tomorrow» байқауында өнер көрсетті. Олар ең жақсы 10 жобаға кірді. Аталған байқау әлеуметтік жоба саналады. «Samsung Electronics» компаниясының басшылығымен Қазақстанда үшінші жыл құрылып, іске асырылуда. Серіктес – «Аяла» жеке қайырымдылық қоры. SFT қатысушылары идеядан бастап, іске асыруға дейін 6 ай бойы өздерінің стартаптары бойынша жұмыс істеді. Олардың міндеті – ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) арқылы әлеуметтік өткір мәселенің шешімін табу.

Биыл 1600-ден аса оқушы қатысуға өтініш берді. Финалға 9 команда келіп, Талдықорған NIS командасы үздік жобалардың қатарына кіріп, 300 мың теңге ақшалай сыйақы ұтып алды.

"Жетісу-Ақпарат"
Сурет: ғаламтордан алынды