Елдікке бастайтын мереке

Уақыты: 19.10.2023
Оқылды: 548
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздік – Тәңір сыйы. Ал, Тәңірдің бергеніне тәубе айтудан жаңылмаймыз. Еліміз егемендігін алғаннан 30 жылдан астам уақытты артта қалдырды. Осынша уақытты ой елегінен өткізсек, жас мемлекетіміз тар жол тайғақ кешумен қатар жаңашыл қадамдар да жасады. Тарих қатпарында алтын әріппен жазылған оқиғалар орын алды. 1991 жылы КСРО ыдыраған тұста ел тәуелсіздігін жариялаған қазақ мемлекетінің бертін келе қандай белестерді бағындырғанын тарқатайықшы. Ең әуелі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы декларация 1991 жылы Тәуелсіздік туын тік көтеруге сеп болғанын айта кеткеніміз абзал.

Ел тәуелсіздік алғалы бергі уақытты көз алдымызда жас мемлекеттің жаңашыл қадамдары. Бұл арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын. Аталған декларация қабылданғаннан кейін қазақ даласының өзіне тән шегарасы белгіленіп, қазақтың алтын бесік атажұрты Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы болды. Тек бұл ғана емес, декларация қабылданғаннан кейін мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастағы дербестік, мемлекеттік рәміздер бекітілді. Қазақстанның егемендегі мен территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.

Қанша тауқыметті көрген халқымыз бұл күнді көп күтті. Сондықтан жыл сайын халық Республика күнін тойлауды әдетке айналдырды. Тіпті 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 Заң бойынша 25 қазан мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Алайда 2009 жылдың сәуір айында жарияланған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Өйткені Республика күні мен Тәуелсіздік күні бір-біріне бәсекелес мерекелер деп танылған. Әрі саясаткерлердің пікірінше, егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанға түпкілікті дербестік алып бере алған жоқ. Бар болғаны тәуелсіздікке қарай жасалған қадам ғана болған-мыс. Бірақ қазақ халқының жүрегінде 25 қазан тәуелсіздік тарихындағы таңдаулы күн болып қала берді. Мұны ескерген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 25 қазан Республика күні мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керегін айтып, атаулы күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. 25 қазан қазақ халқы үшін айтулы күн. Әлдекімдер бұл мерекені тәуелсіздік күнімен пара-пар десе де, екеуі екі түрлі мағына мен түсінік береді. 25 қазан егемендікке бастайтын алғашқы қадамдардың бірі болып есте қалса, 16 желтоқсан тәуелсіздікке қол жеткізген күн болып тарих бетінде мәңгі сақталады. Мерейлі мереке құтты болсын, жетісулықтар!

Гүлнәр Тойлыбаева,
облыстық мәслихат төрағасы