"Бұл – бюрократия!" — Әлихан Смайылов инвестжобаларды іске қосу кейінге шегерілгенін сынады

Уақыты: 23.10.2023
Оқылды: 380
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Кazinform.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов баяндағандай, өткен 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға төмен. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,1 трлн теңгені құрайды.

Салалар бойынша жеңіл өнеркәсіпте инвестиция тарту 2,5 есеге өсіп, 11,3 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ жиһаз өндірісінде – 4,5 есе, яғни 14 млрд теңгеге дейін, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде – 1,6 есе, 81,4 млрд теңгеге дейін өсім тіркелді. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша қағаз өнімдерін, сусындар мен тамақ өнімдерін шығаратын компаниялар арасында оң динамика байқалады.

Жалпы, биыл инвестиция көлемі 1 трлн теңгені құрайтын 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішіндегі ең ірілері – тұрмыстық техника және арнайы кокс өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ шламдарды қайта өңдейтін кен байыту фабрикасы. Бүгінгі таңда жалпы құны 200 млрд теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылды.

Сонымен қатар өңірлер 2027 жылға дейін іске қосылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды кейінгі жылдарға шегерді. Бұл инвесторлар қаржысының жетіспеуіне, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеу, жабдықтардың жеткізілмеуі немесе кешіктіріп жеткізілуіне, сондай-ақ жер мәселелеріне байланысты болып отыр.

Премьер-Министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған бағытта үйлестіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс екенін айтты.

«Тек қана жол картасын бекіту арқылы барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бұл жерде жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, жер-жерде қандай мәселелер шешілмей жатқанын қадағалап, өздеріңіздің тараптарыңыздан әкімдерге көмек көрсету қажет. Сіз жол картасын мақұлдадық, енді осымен барлық мәселелер шешілді деп ойлайсыз ба? Бұл – бар болғаны бюрократия! Инвестициялық жобалар жүзеге асып, оның нәтижесін көрмейінше, мәселе шешілді деп айтуға болмайды», — деді Әлихан Смайылов.

Фото: primeminister.kz