Өңір тынысы таныстырылды

Уақыты: 23.10.2023
Оқылды: 726
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық, республикалық ақпарат құралдарының тілшілері Панфилов ауданының әлеуметтік, экономикалық дамуының тыныс-тіршілігімен танысты. Өңірге келген БАҚ өкілдерін алдымен аудан әкімі Марат Сағымбек қабылдап, өңір халқының тарихы, ауданның өсу, өркендеу кезеңдері жайлы қысқаша ақпарат беріп, жаркенттіктердің бүгінгі әлеуметтік, экономикалық даму үрдістерін, жаңалықтарын жеткізді.

Аудан әкімінің қабылдауынан кейін журналистер Головацкий ауылына келіп, мектепке дейінгі білім беру саласындағы қызметтерді ұйымдастыру үшін сенімгерлікпен басқаруға берілген нысанды аралап көрді. Биылғы 17 тамызда электронды тендер өткізіліп, Головацкий ауылындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» бұрынғы ғимаратын «Көншібай» ЖШС жеңімпаз болып ұтып алған. Тендер шарттарына сәйкес ғимаратты мектепке дейінгі білім беру саласындағы қызметтерді ұйымдастыру үшін пайдалану, 30-дан кем емес жұмыс орнын ашу және сенімгерлік басқаруға беру мерзімі ішінде 150 миллион теңге көлемінде инвестиция салу көзделген. Бизнес жоспарға сәйкес инвестор Тұрсын Көншібаеваға ғимаратты 4 ай мерзімде қайта реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, оны аяқтау, тағы басқа шарттар қойылған. Бүгінгі күнде ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 Жаркент ауылдық округінен кейін журналистерге Жаркент қаласындағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салына бастаған 1200 орынды мектеп құрылысы таныстырылды. Қазір мұнда жаңа білім ошағының құрылысына бөлінген аумақ қоршалып, құрылысқа кірісуге дайындық жұмыстары басталған. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Құрылыстың жалпы құны 6 327 000 мың теңге.  «Жайлы мектептің» құрылысын «BI GLOBAL» ЖШС өз міндетіне алған. Серіктестік құрылысшылары келер жылы «Жайлы мектепті» пайдалануға беруді көздеп отыр.

 Бұдан кейін қонақтар Жаркент қаласында салынып жатқан «Daraboz» спорт кешенінің құрылысымен танысты. Кәсіпкер Ильшат Османов электрондық бәсекеде жеңімпаз атанып, бұрынғы Жаркент қалалық Мәдениет үйінің ғимаратын өз қаржысына күрделі жөндеуден өткізді. Таяуда халық игілігіне пайдалануға беріледі.

Үлкеншыған ауылында салынған 90 орынды жаңа спорт кешенінің құрылысы толық бітті. Аудандық №1 спорт кешенінің филиалы ретінде салынған спорт кешенінде БАҚ қызметкерлерін осы ауылдың мақтанышы Еңбек Ері Күләш Айтжанова және ауданның спортшылар қауымы қарсы алды. Қонақтар кешеннің жаттығу залдарын, ойын бөлмелерін, спорт алаңын аралап көріп, ауыл тұрғындарының қуанышына куә болды.

 Қыс маусымында өңір тұрғындарына қолжетімді бағадағы көкөністер мен жеміс-жидектер қажет. Базардағы бағаны тізгіндеудің бірден-бір амалы жаздың берекесі жеміс-жидектердің берік қорын алдын ала жасау. Бұл шаруамен «Валиев.А» ЖШҚ басшысы Аюпжан Валиев жаңа технологиямен сыйымдылығы 5000 тонна болатын қойма салып, 2022 жылдың сәуір айынан бері тұрғындарды көкөніс, жеміс-жидек өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Қоймада 4 адам тұрақты жұмыс атқарады. Мұнда ұзақ мерзімге сақтауға қойылған өнімдердің бұзылмауын қамтамасыз ететін тоңазытқыш жабдықтары орнатылған.

 Қазір Жаркент өңірінде жүгері жинау науқаны қызған қарбалас шақ. БАҚ қызметкерлері Пенжім ауылындағы қырманға да ат басын бұрып, шаруалардың күзгі тыныс-тіршілігін көріп, жүгерішілермен сұхбаттасты. Сапар соңында «Қорғас-шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына барып, «Құрғақ порт», индустриялық және логистикалық орталықтардың, «Қорғас шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» жұмысымен танысты.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы