Еркін елдің еңсесі биік

Уақыты: 25.10.2023
Оқылды: 736
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қашанда халықтың ұлы болу – әрбір азаматтың биік арманы. Әсіресе, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі, қайсарлықтың көрінісі. Мұны әрбір жас жете біліп, санасына сіңіріп өсуі тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы өскелең жастарға, ең сенімді тірегіне үлкен үмітін артады. Сенімді ақтау – азаматтық парыз. Жастарды отансүйгіштікке баулу оларды достық пен ынтымаққа бағыттау еліміздің ертеңгі бейбіт өмірінің негізі.

Қазір Жетісу облысына қарасты аудан, қалаларда жастарды Отан алдындағы борышын атқаруға салтанатты түрде әскерге шығарып салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекеттің шегарасын күзету, халықтың тыныштығын қорғау – үлкен абырой мен сенім екендігін жас ұрпаққа түсіндіру маңызды қадамдардың бірі. 2023 жылы Қарулы Күштердегі жауынгерлік сайыстың ұраны «Қуатты армия – Жаңа Қазақстан!» деп аталды.

Жуырда Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Жетісу гарнизонына келіп «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» деген тақырыпта мектеп оқушыларымен, колледж білімгерлерімен, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерімен және әскери кафедра студенттерімен кездесу өткізіп, Қарулы Күштердің мәртебесі мен әскери қызметтің маңыздылығы, жастар үшін азаматтық парызды орындаудың және әскери-партиоттық тәрбиеге ынталандырудың қажетін түсіндірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған еді. Президенттің ұсынысы бірауыздан қуатталып, «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне» өзгерістер енгізілді. Осылайша, 2022 жылы қыркүйекте ҚР Парламенті қабылдаған заңға сәйкес  «25 қазан – Республика күні» ұлттық мереке болып қайта белгіленді.

Тарихқа көз салсақ, 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылданғанын көреміз. Құжатта Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланып, жеке территориясы, азаматтығы, халықаралық қатынастардағы дербестігі, Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының жарқын символы. 13 жылдан кейін мемлекеттік деңгейде қайтадан қалпына келтірілген 25 қазан – Республика күні ел тарихында ерекше маңызға ие айтулы мереке болып қала бермек.

Қазақстан халқының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, бүгінгі өскелең ұрпақтың патриоттығын айқындайтын факторлар паш етілуі тиіс Республика күні құтты болсын!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болғай! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Медет ТҰРЫСКЕЛДИЕВ,
подполковник, облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы