Төлен Әбдікұлы Президентке: Әрі ұялтып, әрі қуантып отырсыз

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 623
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Ақордада Төлен Әбдікұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның халық жазушысы» атағын алды, деп хабарлайды Kazinform.

«Халық жазушысы деген атақты кезінде өзіміз жауып тастап едік. Соны бүгін қайтадан ашып, бізді әрі ұялтып, әрі қуантып отырсыз. Бұл бізге қосымша аса талап қоя қоймас. Бірақ өнерге, әдебиетке деген жаңа көзқарастың белгісі болып, көңілімізді үлкен сенімге толтырып отыр. Өмірде әділдік, шындық, адамгершілік деген ұлы құндылықтар бар. Адами қарым-қатынас, іс-әрекет, қоғамның өмірі, мемлекеттің саясаты соған негізделген кезде өркениет көшіне қосылуға мүмкіндік ашылады. Сол көшті бастау Сізге жүктелді. Бұл әрине, аса қастерлі, бірақ, аса жауапты нәрсе екенін білеміз. Қазақтың көшін тура бастап, басқа жолға бұрылмай, кедергілерге ұрынбай халықтың үмітін ақтаған абыройлы Президент болғаныңызды қалаймыз», - деді қаламгер Ақордада өткен салтанатты рәсімде.

Осы ретте жазушы италиялық бір мемлекет қайраткерінің «Біз Италияны жасадық. Енді италяндықтарды жасайық» деген әйгілі сөзін еске салды. 

«Біз де ілгерінді-кейінді Қазақстанды жасадық. Енді көзі ашық, санасы еркін, ғылым мен білімді меңгерген, өзге озық ойлы елдермен бой теңестіре алатын заманауи Қазақ ұлтын жасауға күш салу керек деп есептейміз. Бұл, әрине, ортақ міндет. Бізде қолымыздан келгенше тырысып бағамыз. Даму деген жаңа бір затқа қол жеткізу емес. Өткен қателіктерді түзеу, қисайғанды түзету, құлағанды қалпына келтіру», - деді Төлен Әбдікұлы.

Фото: akorda.kz