Халықаралық жастар форумы өтті

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 777
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында алғаш рет шетелде білім алған жастармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін  «Kemel urpaq» атты халықаралық жастар форумы өтті.

«Jetisu jastary» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шарада АҚШ, Түркия, Еуропа, Қытай елдерінің беделді оқу орындарын бітірген, оқып жатқан жастармен офлайн және онлайн тәжірибе алмасу өтті. Жиында 100-ге жуық жас  кино, педагогика және медицина тақырыбында шеберлік сабақтары жүргізілді.

Форум спикерлерінің пікірінше шетелде қазақ менталитеті, салт-дәстүрі өзіндік қызығушылыққа, ерекшелікке ие. Өз кезегінде АҚШ-тағы, Нью-Йорк кино Академиясының түлегі Атамұра Мұсаханов:

­­– Шетелде мықты мамандар, креативті жастар көп. Алайда, оларға жаңа бейне, жаңа мәдениет қашанда қызық. Жат елге еліктеп, өз менталитетімізден қашу бұрыс түсінік. Керісінше, өзіміздің дәстүрімізді дәріптеп, қастерлеп, оны таныта білу біздің Отан алдындағы борышымыз десек қате айтқаным емес. Ол үшін бәсекеге қабілетті, көп тілді меңгерген, тәуекелшіл жастар көп еңбектенуі қажет, -деді.

Республика күніне орай ұйымдастырылған жастар форумы келесі жылы да өз жалғасын таппақ.

Айғаным АЙТМҰХАН