МЕРЕКЕ АЙШЫҒЫ. ЖЕТІСУ АЗАМАТТАРЫН АРДАҚТАДЫ

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 656
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қастерлі де қасиетті Отанымыздың әр түп жусаны, өзені мен көлі, мақпал белі мен манат тауы, сыңсыған орманы мен бұйрат құмына дейін дарқандық пен кеңдіктің, өрліктің иісін аңқытады-ақ. Ал осынау құтты мекен, құсыни ордада өмірге келген әр қазақтың жұдырықтай жүрегінде Қазақстанға деген, тәуелсіз тарихына деген көл-көсір сезімі жатса керек. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен Республика күніне орай өткен салтанатты жиында осылай тебірендік, ой толғап, толғана термеледік.

Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында  шымылдық ашқан шараның басында көк Туымыз көтерілді. Гимн шырқалды.  Алғашқы болып сөз алған облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы әуелі Республика күнінің тарихи, саяси маңызы ерекше екенін, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация негізінде тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның саяси-құқықтық негіздері жарияланғанын атап өтті. Өз кезегінде:

– Бұл күн – тәуелсіздіктің алғышартын қалаған, еркіндіктің бастауы болған қастерлі мереке. Өзгерістер жолына бет түзеген, бірегейлік пен бірлікті, әділдік пен адалдықты, тұрақтылық пен дамуды мақсат тұтқан барша қазақстандықтардың мерейлі күні. Талай алмағайып заманды басынан кешірген кешегі Ұлы Даланың тарихи-рухани кеңістігінде танымы терең, тағылымы мол жасампаз, ел игілігіне қызмет еткен игі істер жетерлік. Оларды танып-білу бізді өткеннен өнеге алуға, бүгінгі күннің батыл бастамаларына белсене қатысуға құлшындырады, – дей келе өңір жетістігін саралап өтті ол.

Жетісу өнірі өткен 9 айдың қорытындысында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінде, ауыл шаруашылығында, құрылыс саласында көрсеткіш еселенген. Өткен тоғыз айда облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды.

Соның ішінде 1100-ге жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Жаңа баспана алғандардың арасында, әсіресе, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың үлесі елеулі. Жалпы жыл қорытындысы бойынша 321,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұндай экономикалық көрсеткіштер халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпалын тигізуде.

Міне, осындай жетістіктерді айрықша атап өткен облыс әкімі еңбекпен ел мақтанышына айналған тұлғалардың есімін айшықтап, мемлекетіміздің ұлық мерекесімен көпшілікті құттықтап өтті. Ұлттық рухты тасытар мейрамда бірқатар азамат мерейленді.

Атап айтсақ, «Қайнар-АКБ» ЖШС кеңесінің төрағасы Қуаныш Ажмағанбетов пен белгілі композитор, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры,  М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Әли Алпысбаев «Парасат» орденімен марапатталды.

Ал «Айналайын» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолд ау орталығы» КММ әдіскері Несіпжамал Баймадиева, «Көксу қант зауыты» ЖШС атқарушы директоры Ануарбек Мұқашев, «Облыстық кардиология орталығы» МКК директоры Нұрсан Сурашев, «Тажикеев Ж.С.» ШҚ төрағасы Жеңіс Тажикеев «Құрмет» орденін өңірлеріне тағынды.

Ел мерекесінде мерейленгендердің қатарында екі азамат ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, 13 азамат «Ерен еңбегі үшін», 10 азамат «Шапағат» меделімен марапатталды. Сондай-ақ, бірақатар жерлесіміз Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы және Алғыс хатына ие болды.

Сонымен бірге, облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 6 қазандағы №9-51 шешімімен Нұрлан Арын, Серік Ахымбеков, Ертай Дүйсебаев, Оралбек Жақиянов, Болатбек Қапсаламов, Валерий Ким, Наурыз Қылышбаев, Серік Мұқанов  сынды зиялыларымыз Жетісу облысының «Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталды.

Шара барысында сөз алған «Облыстық кардиология орталығы» МКК директоры Нұрсан Сурашев көпшілікке ықыласын білдіріп, бүгінде өзі басқарып отырған кардиология орталығында күрделі оталар жасалып жатқаны туралы, орталық жетістігі мен әлеуеті жайлы айтты. Оған қоса кеудеге тағынған "Құрмет" ордені барша әріптестеріне елдің артқан сенімі мен алғысының айғағы деп білетінін атап өтті.

Салтанатты шара аясында мереке қарсаңында мерейленген зиялы азаматтар лебіз білдіріп, бұл датаның маңыздылығына тоқталып, облыс әкімдігіне деген ризашылықтарын жеткізді.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай