Ақсу ауылында Мәдениет үйі ашылды

Уақыты: 24.10.2023
Оқылды: 706
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күні мерекесі Ақсу ауданы тұрғындары үшін қуанышы мол, есте қалар ерекшелігімен басталды. Мереке қарсаңында Ақсу ауылында жаңа мәдениет үйінің ашылуы болды. 

Елдімекен тұрғындарының қуанғандығы соншалықты ауылға кіре беріс  маңдайшадан ақ самайлы ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер дастархан жайып, қошаметпен құрметті қонақтарды қарсы алды.

Ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Күләйхан Дәулетбекова сөз сөйлеп, барша қауымды ұлттық мерекемен құттықтады. Халықтың көкейінде жүрген мәселе шешімін тауып, ауыл тұрғындары қуанып жатқандығын жеткізді.

Мәдениет үйі жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алатын ошаққа айналуына тілектестігін білдірген ақсақал Темірғали Абдуалиев батасын берді. 

Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жаңа сахнада жиналған қауымға өнер көрсетті.

Заман талабына сай бой көтеріп, қазынадан қомақты қаражат бөлінген ғимаратта домбыра үйірмесі, кітапхана, қолөнер үйірмесі, би үйірмелері орналасқан. Онда жас буынның кітап оқып, би өнерін үйренулеріне қажетті мүмкіндіктер қарастырылған.

Құрметті қонақтар жаңа ғимараттың ішкі құрылысымен танысып, аралап көрді.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Ақсу ауданы