Республика күні: Бір күнде үш нысан ашылды

Уақыты: 25.10.2023
Оқылды: 649
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күніне орай Қартал ауданында үш нысан ел игілігіне берілді. Музей, Мәдениет үйі мен спорт кешенінің ашылуына облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева қатысты.

Алдымен мәслихат төрағасы Үштөбе қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанатына барып, ізгі тілегін білдіріп, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

– Бүгін Қаратал өңірі үшін қос мереке қатар келіп отыр. Бәріңізді алдымен Республика күнімен және тарихи-өлкетану музейінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мереке қарсаңында облыстың әр өңірінде көптеген әлеуметтік-мәдени нысандар ашылып, халықтың игілігіне берілуде. Бүгін солардың қатарында Үштөбе қаласында руханият ошағы – музей іске қосылды.  Жетісудың жеті өзенінің бірі Қараталдың бойында қоныс тепкен осы ауданның тарихы еліміздің өткенімен, Жетісудың шежіресімен астас. Сондықтан бұл өлкетану музейін ел тарихының елеулі бір бөлшегі деуге болады. Мұндай музейдің жастарға ғана емес, жалпы осында тұратын әрбір азамат үшін де ағартушылық маңызы зор. Бүгінгі салтанатты жиынды пайдаланып, осы көрнекті, әсем ғимараттың жобасын дайындаған «Сity Engineering» серіктестігіне, құрылысын жүргізген «SHEBERBUILD» компаниясына көпшіліктің атынан алғысымды білдіремін, – деді.

Мұнан соң тарихи-өлкетану музейінің лентасы қиылды.  Осыдан кейін шараға келген жұртшылық музейдің ішін аралап, құнды жәдігерлерді көрді. Музейде ауданның ерте тарихынан бастап, бүгінге дейінгі кезеңдері, флорасы мен фаунасы, этнографиясы, археологиялық құндылықтары, ел мақтанышына айналған ерен тұлғалары жайлы құнды мәліметтер қамтылған. Мұнда әзірге 350-ге жуық экспонат жинақталып отыр. 

Кәлпе ауылында ашылған модульды спорт кешеніне облыстық спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл мен аудан әкімі Ұлан Досымбеков қатысты.
Шара барысында Ұлан Рысқұл ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, спорт кешенінің тұрғындарға бұқаралық спортпен айналысу үшін жиналатын тәрбие ошағы болуына тілектестік білдірді.

Ғимарат бір қабатты, жалпы ауданы 887,7 шаршы метрді құрайды. Модульды ғимаратта спортзалы, балалар ойын алаңы және воркаут алаңы бар.

Келесі кезекте аудан басшысы Кәлпе ауылындағы Мәдениет үйінің ашылу салтанатымен құттықтап, ыстық ықыласын жаудырды. Шараға жиылған қауым жаңа ғимараттың ішкі құрылысымен танысып, аралап көрді.

Айдар ҚАЛИЕВ, 
Қаратал ауданы