Балалар ойын алаңы  пайдалануға берілді

Уақыты: 26.10.2023
Оқылды: 487
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күніне орай Ескелді ауданының Өрқусақ елді мекенінде балалар ойын алаңы  пайдалануға берілді.  Ауыл жұртшылығын құттықтаған аудан әкімі Елдос Ахметов  мереке мезіретінде атқырылып жатқан оңтайлы шаруалардыда баяндады. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бұқаралық спортты дамытуда ауданымызда ауыз толтырып айтар шаруа көп.  Әрбір бала қолайлы ортада,  жайлы мекенде сапалы өмір сүруі тиіс.  Мәселен замануи аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешені  біздің балаларымыз бен жастарымыздың салауатты өмір сүруіне жағдай жасап келеді.  Ауылдарда дәл осындай ойын алаңқайы қажетті жағдайда салынуда.  Келер жылы Алдабергенов ауылында спорттық кешен салуды жоспарлап отырмыз. "Қазақстан халқы"  қоры есебінен.  Мұндай оңтайлы істер жалғасын таба береді.  Бастысы,  Өрқусақ ауылының балалары осындай заманауи нысанда алаңсыз ойнайтынына қуаныштымын,   деді аудан әкімі.  

400-ге жуық тұрғыны бар аядай ауыл үшін ойын алаңы шынында мерекелік тарту болды.  Ауыл ақсақалдары жергілікті атқамінерлерге алғаусыз алғысын білдіріп, мемлекеттің болашағы жастарға,  балаларға оңтайлы жағдай жасағанына ризашылығын жеткізді.  Ал балалардың қуанышында тіптен,  шек жоқ. 

– Бұрын аяғымызға шөңге кірмесе,  тіземізді жаралап алмасақ деп ескі алаңқайда ойнаушы едік.  Мына алаңда төселген кілемдей жасанды шөп сол алаңымызды жойды.  Ағаларға рахмет. Бізді ойлап,  осындай алаң салып берген,  дейді ауыл баласы Талапбек Ануар. 

Мереке қарсаңында ауылдағы ақжаулықты әжелер де әбден дайындалған сықылды. Шашу шашып,  ризашылық танытып жүрді. Аудан өнерпаздары мерекелік көңіл күйді көтерді.  Ұлтжандылыққа шақыратын әндерді нақышында орындап,  құлақ құрышын қандырды. 

Аудан әкімі су жаңа алаңқайдың лентасын қиған соң шағын футболдан балалар турниріне қатысушыларға бірнеше доп пен спорттық жабдықтар тарту етті. Мұндай сыйдан соң ауданның сақа ойыншылары су жаңа алаң төрінде атойлап өрнекті ойын көрсетті.

Дастанбек Садық
Ескелді ауданы