ҚР Туризм және спорт вице-министрі: "Азия ойындарындағы сәтсіздік бәрімізге сабақ болуы керек"

Уақыты: 31.10.2023
Оқылды: 581
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу жеріне ҚР Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек арнайы іссапармен келіп, Талдықорғандағы Салтанат сарайында жұртшылықпен жүздесті. Басқосуда өңірдегі спорттың дамуы сөз болып, саладағы кемшілік айтылды.

Модератор болып отырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл әуелі Жетісудағы спорттың өркен жайып, айрықша даму жолында екеніне тоқталды. Мәселен, Талдықорған қаласында жақында ашылған  мұз айдыны, оған дейін пайдалануға берілген әлемдік стандартқа сай орталық жүзу бассейні, енді бой көтеріп жатқан еліміздегі алғашқы волейбол базасын ерекше мақтанышпен жеткізді. Спортшыларымыз да жаһандық жарыста топ жарып, ел мерейіне бөленіп жүр. Олардың ішінде Евгений Федоров, Исхар Құрбаев, Карина Горичева сынды спортшылар бар. Бұқаралық спортты дамыту бойынша өңірде бірқатар іс жоспарда тұр, осыған дейінгісі тегіс орындалған. 

Бәрін жіті бақылап, ден қойып тыңдаған вице-министр ел Президентінің әр Жолдауында айтылатын, Үкімет отырысында талқыдан түспей келе жатқан спорттағы жалпы жетістікті тізіп шықты. 

– Азия ойындарындағы сәтсіздік бәрімізге сабақ болуы керек. Бұл ақшаның жоқтығынан емес, көптігінен. Сондықтан да әр спортты қаржыландыру, оны дамыту бойынша жүргізілетін жоспарлы қаражатты мөлшерлеуіміз қажет. Спортшыларды Ұлттық құрамаға қабылдау ережесі қайта жасалады. Ал спортшыларды енді Әлемдік жарысқа тек бір жерден жіберуді көздеп отырмыз. Ел ішіндегі жарыстарға әр өңірдегі басқармалар жауапты, – деді өз баяндамасында Сәрсен Абайұлы. 

Одан кейін вице-министр Ұлан Ғалымұлына балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудағы кемшіліктер мен бұқаралық спорттағы іс-шараның аздығын айтып, түзетуді тапсырды. 

– Мәселен, Ескелді, Қаратал, Ақсу, Көксу аудандарындағы балалар мен жасөспірімдер спортына оқу-жаттығу жиыны кестедегідей қойылмаған және оған бөлінген қаражатта қателіктер бар. Бұл көбінде олимпиадалық емес спорт түрлерінде кездесті. Осы істі басты назарға алсаңыздар. Одан кейін бұқаралық спортты дамытудың да өз жоспары бар. Әр жасқа дейінгі жетілу, толысуға байланысты спорт та күрделене бермек. Мемлекет басшысы да спортқа айрықша көңіл бөліп отыр. Келесі жылы қыркүйекте Астанада өтетін көшпенділер ойыны соның дәлелі, – деді Сәрсен Құранбек.

Артынша Сәрсен Абайұлы жиналғандардың сауалына жауап беріп, өзара пікір алмасып, ұсыныс-тілекті тыңдады.

Серік ҚАНТАЙ