Тірек мектебі жабдықталды

Уақыты: 31.10.2023
Оқылды: 414
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Ауылды жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында Қоғалы орта мектебіне 250 миллион теңге қаражат бөлініп, оқу ордасының 36 сыныбы қайта  жабдықталды.

Білім ошағындағы сыныптар жаңа жиһаздармен толыққан. Эргономикалық орындықтар мен парталар қойылып, мұғалімдер мен оқушылардың сабақ өтуіне барынша қолайлы жағдайлар жасалыпты. Физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыстану сыныптары заманауи кейіпке енген. Мұндағы білім алушылар қазірдің өзінде жаңа құрылғылармен жете танысып, жетекшілерімен бірлесіп жұмыс істуге көшкен. STEM, робототехника, гидропоника, виртуалды шындық сыныптары мен зертханалары балалардың терең білім алуына ықпал етеді.  Сонымен қатар мектептегі дене шынықтыру залы да спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталып отыр. Алдағы уақытта оқу ордасындағы педагогтерді білімін шыңдау мақсатында оқыту курстарынан өткізу жоспарда бар.

Қоғалы орта мектебінде шешілуі керек мәселелер де жоқ емес. 1200 орынды білім ошағында бүгінде небәрі 150 оқушы ғана білім алуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жамишев бұл өте аз екенін айтады. «Қоғалы ауылына жақын елді мекендердің балалары да жаңадан жабдықталған сыныптарда білімдерін жетілдіру керек», – дейді ол. Аталған қор төрағасы облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиге:«Кербұлақ ауданына қарасты ауылдардан Қоғалыға оқушыларды тасымалдайтын автобустар шықса» деген ұсыныс білдірді. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары аталған мәселенің шешімін табатынын атап өтті.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 80 тірек мектеп құрылған. Елімізде 169 аудан,  27 қала болса, кем дегенде соның әрқайсына бір тірек мектебін ашу жоспарланып отыр. Игі іске мұрындық болған «Қазақстан халқына» қоры мен білім беруді дамытуды тұрақтандыру қоры. Олар осы жолда Назарбаев зияткерлік мектебімен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Басты мақсаттары – «Ауылдық аймақтардағы  тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын іске асыру. Сол арқылы қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтып, педагогтердің кәсіби шеберлігін дамытуды көздейді.

Аталған қор өкілдері үш бағытта жұмыс істейді. Бірінші, мектеп ішіндегі материалдық база толық жаңартылады. Екінші, оқу мекемесіндегі ұстаздардың біліктілігін арттыру бағдарламасы жүзеге асырылады. Үшінші, мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне нақты нәтиже көрсеткенге дейін 3 жыл көлемінде көмек беріледі.

Медет ЖҰМАБАЙ