Мұсабек ауылына көгілдір отын келді

Уақыты: 01.11.2023
Оқылды: 581
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көксу ауданы Мұсабек ауылының жасы да, жасамысы да ауыл кіреберісіне жиналып, жайдарман жаңалықпен бір-бірін құттықтап риза болуда. Себебі ауыл тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Көгілдір отынға көшудің артықшылығы өте көп. Ол, біріншіден, жылуға кететін шығынды азайтса, екіншіден, тұрғындардың өмір сүру қолайлылығын арттырады. Ең бастысы, басқа отын түрлеріне қарағанда экологиялық жағынан таза. Батыр баба атымен аталатын ауылда 1806 тұрғын бар. Абонент саны – 178. Бұл – аудандағы газ құбыры тартылған сегізінші ауыл.

Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақ болған аудан басшысы Марлен Қапашұлы бұған дейін Балпық би, Теректі, Мұқыры, Еңбекші, Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдарына газ құбыры тартылып, 5 мыңнан астам абонент газға қосылуға мүмкіндік алып, соның 2700-ден астамы бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отырғанын жеткізді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Қалиев Мұсабек ауылының тұрғындарын құттықтап, келер жылдың жоспарымен бөлісті.

– Жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылады. Ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру жұмысы толық аяқталуы тиіс. Облыс бойынша 358 елді мекен бар. Жыл соңына дейін 192 елді мекенге газ құбыры қосылады. Атқарылып жатқан жұмыстың барлығы халық игілігі үшін. Енді сіздер жылы үйде, еш қиналмай-ақ жайлы өмір сүретін боласыздар. Біздің міндет – сіздерге мінсіз қызмет ету. Әрбір үйде жылулық, сыйластық болсын, – деді ол. 

Облыстың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев ауыл халқына жасалған игі істі зор қуаныш, үлкен жетістік деп бағалады.

– Кеңес  Одағының батыры, 28 Панфиловшылардың бірі атанған Мұсабек Сеңгірбаевтың атына берілген ауылда бүгін үлкен той. Батырдың даңқын ауылдастары асырсын деп тілейміз. Ауыл тұрғындары от  жақпаймыз, күл шығармаймыз деп мақтанбайсыздар. Сіздер «әлемдегі дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосылдық» деп мақтанасыздар. Ендігі сіздердің міндет – бала-шағаға жақсы тәрбие беріп, елге, жерге адал қызмет ету. Біздің ең басты мақсат – ел бірлігін нығайтып, сауатты, саламатты ұрпақтың қатарын көбейту, – деп ауыл жұртшылығына ыстық ықыласын жеткізді. 

Мұсабек ауылының құрметті ақсақалы Зейнел Дүйсебай жайдармен жаңалықпен ауылдастарын құттықтап, ел азаматтарына алғыс айтып, ақ батасын арнады. Шаңырақтың түтінін түтетіп, берекесін асырып отырған ауыл аналары аудан басшысымен бірге салтанатты түрде газ алауын жағып, ауыл өнерпаздары жырдан шашу шашты.

Мұсабек ауылында газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырын тартуға 523 миллион 827 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС атқарды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Газ құбырының ұзындығы 46,7 шақырым, соның 15,5 шақырымы жоғарғы қысымды, 31,2 шақырымы төменгі қысымды. Сол сияқты 4 дана шкафтық типтегі газ тарату стансысы орнатылды.

Еңлік Кенебай