Тұрақты комиссия отырысы өтті

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 619
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық мәслихаттың ауылшаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері бойынша тұрақты комиссия отырысы өтті.

Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев, облыстық мәслихат төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева, облыстық мәслихат депутаттары, департамент, басқарма, мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы, «Қазсушар» РМК облыс бойынша филиалының директоры, сондай-ақ, облыстық тексеру комиссиясы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы, «КазАвтоЖол» ҰК Алматы облыстық филиалы, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің мамандары, аудан әкімдері, аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшылары, тағы басқалары қатысты.

Отырыста орман шаруашылығы аумағынан шаруалардың малын жайғанға бөлінген жайылымдық жерлердің есептелген нормаларына сәйкестігін қарау мақсатында құрылған уақытша комиссия жұмысының нәтижесі шығарылып, балық шаруашылығы бойынша Болатхан Калиековтің өтініші қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша шілде айында арнайы тексеру тобы құрылып, комиссия мүшелері бір ай бойы жайылымдық жерлерге мониторинг жүргізген. Ал Болатхан Калиековтің өтінішіне сәйкес тиісті мемлекеттік орган өкілдері мен облыстық мәслихат төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева шағымданушы айтқан орынға барып, мән-жайды көріп қайтқан.

Аталған екі мәселе бойынша облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының және уақытша комиссиясының төрағасы Секенбай Шеңгелбаев баяндады. Айтуынша, мониторинг кезінде біраз кемшіліктер анықталған. Мәселен, Көксу, Кербұлақ, Ескелді, Қаратал аудандарында жайылымға рұқсат алған біраз азамат малын жайлауға шығармаған. Орман билетін алып, жайылымдық жерді басқа азаматқа жалға бергендер де табылған. Орман билетін алмаған, малын жайлауға шығармаған азаматтар да кездескен. Сондықтан, берілген жерді тиімді пайдалана алмағандардың жері қайтарылады. 

Сондай-ақ, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары бойынша оң шешімін күткен мәселелердің бар екені анықталған. Белгілі болғандай, ауыл маңымен жайлауға шығатын малға арналған жолдың жоқтығы, республикалық тасжолында мал өткелдерінің болмауы, бос тұрған 35 695,6 гектар жайылымдық жерлерге ауылшаруашылығы малын жайлауға шығару үшін жол және өзендерде көпірдің болмауына байланысты өңір тұрғындарының малын жайлауға шығару қиындық туғызуда. Бүгінде осы мәселелерді шешу бойынша жұмыстар атқарылуда. 

Айта кетейік, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі  мемлекеттік орман қоры жерлері 107 522 гектар. Оның 58 218 гектары жайылымдық жерлер болса, оның 22 552,7 гектар жайылымдық жерлеріне 94 орман пайдаланушылары орман билетін алған. Биыл 35 695,6 гектар бос тұрған жайылымдық жерлерге орман билетін алуға жеке тұлғалардан өтініш түспеген. 

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Елдос Мырзабектің сөзінше, биыл орман мекемелері тарапынан орман заңдылықтарын сақтау жөнінде 700 рейд жүргізіліп, орман заңдылықтарын бұзушылықтар бойынша 89 оқиға анықталған. Барлығы 1402,7 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, 1397,5 мың теңгесі өндірілген.  Бір сөзбен айтқанда, күн тәртібіне енгізілген барлық мәселеге ден қойылып, тиісті қаулы қабылданды. Екінші мәселеге байланысты қаралған ұсыныстар да назарға алынды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: ашық дереккөзден