Жаңа саябақ ашылды

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 692
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегенді халқымыз тегін айтпаса керек-ті. Өйткені уақыт бір орында тұрмайды. Заман жылжып, уақыт озған сайын бәрі өзгереді.

Өздеріңіз байқағандай, соңғы жылдары Сарыөзек ауылы ерекше күйге еніп, түрлене бастағандай. Жаңаша жарқырай түскен аудан орталығында заман талабына сай әлеуметтік нысандар бой көтеріп, керемет ғимараттар салынуда. Тозығы жетіп, ескіргендері күрделі жөндеуден өтіп, шетінен жаңаланып жатыр. Оңтүстігінен орын тепкен жаңа баспаналар ел игілігіне беріліп, әрі-бері өткен жолаушыны таң-тамаша етуде. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары да қарқын алып келеді. Тұрғындар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындар көбейіп, ауыл халқының көңілін көтеруде. 

Таяуда тағы бір жаңалықтың куәсі ретінде Сарыөзектегі орталық жаңа саябақтың ашылу салтанатына қатысып қайттық. Сол күні Табиғат-ана ерекше мейірін төгіп тұрды. Көгілдір аспанда күн жарқырап, жайлы мінез танытты. Мерекелік шараға халық көп жиналды. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ. Өйткені олар үшін саябақта ойын көркін қыздыратын алаңдар орнатылып, әткеншектер жасалған. Жерге тастар төселіп, адам қызығатын мүсіндер орналастырылған. Орындықтар қойылып, тал-теректер отырғызылған. Жарық шамдары да демалыс орнына ерекше сән беріп тұр. Жүгіру жолдары да бар. Көз жауын алатын саябақ барынша көгалдандырылып, гүлдендіріліп, абаттандырылған. Демалыс орнының аумағы 2,7 гектарды құрайды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Қанат Есболатов сөз сөйлеп, мерекелік шараға жиналғандарды құттықтады. Игі тілегін жеткізген өңір басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстың бәрі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін түзетіп, өмір сапасын жақсартуға, елді дамытып, өркениетке жетелеуге бағытталып жатқанын айтты. Өз кезегінде орталық саябақтың ашылуына демеушілік жасап, ел игілігіне берілуіне ықпал еткен «Алацем» ЖШС цемент зауытының басшысы Станислав Щербаков та өзінің ақ тілегін жеткізіп, жылы лебізін арнады.     

Заманауи үлгіде салынған сахна төрінде Алматы, Талдықорған қалаларынан келген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары ән шырқап, би билеп, жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Көрермендерге арналған орындар адамға лықа толды. Жанға жайлы осындай әдемі саябақ салдырған ел атқамінерлеріне алғыстарын жаудырған ауыл тұрғындары бұл жердің енді көпшілік қуана баратын орындардың біріне айналарына сенім білдірді. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ