Аң аулау тәртібінде тың өзгеріс

Уақыты: 18.12.2023
Оқылды: 620
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қасқыр мен шибөрі халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау мақсатында саны реттелуге тиiс жыртқыштардың сапында. Алайда, ол арнайы рұқсатсыз аулау заңсыз әрі мұндай жағдайда анықталса заң алдыңда жауапқа тартылады.

Елімізде зиянкес жыртқыштармен күрес бағытында жыл сайын берілетін рұқсат қағазын алу жолдарында өзгерістер енгізілді. Нақты айтқанда, «Саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларын бекіту туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы №347 бұйрығында көрсетілген. Аталған қызмет толығымен автоматтандырылып, енді рұқсат қағазы немесе уәжді бас тарту қызмет көрсетушінің қатысуынсыз өңделеді. Қызмет алушы өтінімді тек өз атынан ғана бере алады. Өтінім е-лицензиялау жүйесінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы автоматты түрде толтырылады. Айта кететін жайт, өтінім жіберудегі өзгерістер жайлы инспекцияның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Жоғарыда аталған жануарларды аулауға рұқсат алдын ала дайындалған биологиялық негіздеменің негізінде, шектеулі лимит бөліну арқылы берілетінін ескертеміз. Лимит біткен жағдайда рұқсат қағазы берілмейді. Рұқсат ала алмаған жағдайда аңшылық маусымы кезінде тікелей жергілікті аңшылық шаруашылықтарына жүгінуге болады. Басқа уақытта, жергілікті тұрғындар мен шаруа қожалықтарындағы үй жануарларын қорғау, жыртқыштар тарапынан келетін шығындарды азайту немесе болдырмау мақсатында жергілікті әкімшіліктер, орман шаруашылығы және аңшылық шаруашылығы нысандарымен, аң аулауға рұқсаты бар аңшылармен бірлесіп жыртқыштардың санын реттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы топ құрады. Осы ретте, аталмыш жыртқыштар тарапынан қауіпті жағдай орын алғанда жоғарыда аталған мекемелерге барып көмек сұрауға болады.

Р. Әділбекова,
Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық
инспекциясының бас маманы
Фото: 
gov.kz