Жетісуда Іскер әйелдер форумы өтті

Уақыты: 20.12.2023
Оқылды: 501
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облысымызда әр істің қиюын келтіріп, кәсібін нәсіп етіп отырған қыз-келіншектер жетерлік. Өңір дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген нәзік жандарға Үкімет тарапынан үлкен қолдау берілуде. Осыған орай Кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер бизнесі – мемлекеттің тірегі» атты форум өтті. Оған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қатысты.

Аймақ басшысы алдымен облыстың аудан, қалаларының кәсіпкер әйелдері «Ауыл аманаты», «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырған көрмені аралап, кәсіпкерлермен тілдесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Шара барысында бесігін де, кәсібін де ұмытпаған кәсіпкер қыз-келіншектер жайлы бейнеүзінді қойылды. Шара барысында Бейбіт Өксікбайұлы:

– Жылды облыс жақсы көрсеткіштермен қорытындылауда. Өткен 11 айда экономикалық өсу қарқыны 113,9% жетіп, республикада 1-орынға шықтық. Соның ішінде кәсіпкерлік саласы жақсы қарқынмен даму үстінде. Оған сіздер де үлкен үлес қосып келесіздер. Бүгінде әйелдер отбасының берекесін кіргізіп қана қоймай өз кәсіптерін де дөңгелентіп, ерлермен бірдей еңбек етіп, жанұясының табысын арттырып отыр. Бұл ретте әйелдерді, әсіресе ауылдық жерлердегі нәзік жандарды әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары тұрақты жүргізіледі. Мәселен, облыс тұрғындарының 50 пайыздан астамы әйел болса, соның 42 пайызы экономикалық белсенді тұрғындар қатарында. Соның ішінде 138,3 мың әйел жұмыспен қамтылған. Бір қуанарлығы, әйелдер Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының барлық бағыттарына қатысып, белсенділік танытып келеді. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтар қатарынан 139 әйелге кәсіпкерлік бастамалары үшін 191,8 млн. теңге мөлшерінде грант берілді, – дей келе облысымызда кәсіпкерліктің аясы кеңейіп, іскер әйелдердің қатары артып келе жатқанын айтты.

Аймақ басшысы мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты жалғасатынын да жеткізіп, кәсіпкерлерді бір серпілтіп тастады.

Облыс әкімі келесі кезекте «Алтын сапа» байқауында «Үздік өнеркәсіп өнімі» номинациясын жеңіп алған «Алматы бояулары» ЖШС-нің директоры Лэйля Мейрбекова мен «Үздік кәсіпорын» номинациясын иеленген «ЖаркентАрасан ХОК» ЖШС шипажайының құрылтайшысы Гүлнар Ақсубаеваны, «Бір ауыл бір өнім» бағдарламасы бойынша «Asmar» сыйлығына ие болған Әйгерім Наушабек пен Светлана Оңғарбаеваны жарқын жеңісімен құттықтап, марапаттарын табыстады.

Осыдан кейін «ЛАД» жеке шаруашылығының жетекшісі Агафья Ли және «UNI FORES» ЖШС-нің басшысы Ляззат Чайгараева «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының III дәрежелі «Өз ісіне адалдығы үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, әр сала бойынша үздік атанған әйелдер қаржылай сыйлықтармен, облыстық кәсіпкерлер палатасы, іскер әйелдер кеңесі және облыстық басқармалардың грамоталарымен марапатталды.

Жиында облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Римма Салықова бизнесін де дөңгелентіп, отбасын да аялы алақанымен мәпелеп отырған кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсеткен облыс басшысына алғысын білдіріп, әйелдер кеңесінің атынан мүсінше табыстады.

Басқосуда Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев, облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева сөз алып, іскер әйелдердің қоғамдағы рөлін, облыстағы кәсіпкер қыз-келіншектердің жеткен жетістіктері мен атқарған жұмыстарын, алдағы жоспарлар жайын баяндады.

Соңында облыстық іскер әйелдер кеңесі мен «Аманат» партиясы жанындағы әйелдер қанаты арасында қыз-келіншектер кәсіпкерлігін дамыту және саясаткер әйелдерді даярлау бойынша бірлескен іс-шаралар туралы меморандумға қол қойды.

Айдар Қалиев
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай