Мұз үстіндегі қауіпсіздік

Уақыты: 21.12.2023
Оқылды: 427
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Желтоқсан айында тұрақты аяз басталғанға дейін су айдындарында мұз қатпайды. Кешкі немесе түнгі суықта қатқан мұз берік болса да күндіз ол белгілі мөлшерде еріп, өз тығыздығын жоғалтады. Осыған орай мұз үстіндегі қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұраймыз.

Қазақстан балық шаруашылығына бай болғандықтан елімізде балық аулау жұмыстары қыс мезгілінде қызу жүретіні белгілі. Балқаш көлінің және Қаратал ауданындағы су қоймалары мен өзендерінен әуесқойлықпен адамдар өз бетінше балық аулауы, аңшылық, таза ауада қыдыруы, судан өтуі мүмкін. Соған байланысты әрбір адам төтенше оқиғаға кезігеді. Қыс мезгілінде табиғат адамдарға жанашырлық танытпайды. Мұз үстінде балық аулау кезінде, мұздың жұқа қатуының салдарынан мұздың астына түсіп кетуі, жарақат алуы, далада қалып қоюы адам өліміне әкеліп соғады. Көп жағдайда мұз үстінде балық аулау үшін немесе жол қысқарту мақсатында дарияны кесіп өтетіндігі бәрімізге мәлім, дегенмен де өз өмірін тәуекелге тігіп, сақтық шараларын ұмытуға болмайтынын әрқашан естен шығармаған абзал.

Қыста боран мен қардан кейін мұз үстімен жүруге болмайды. Қатты ағынды өзендердің үстіндегі мұзбен жүргенде абай болу қажет. Құрылымына қарай әр өзен, көлдердің мұз қатуы әртүрлі болады. Тез ағатын иірімді өзендердің жағасынан алысырақ жүру керек. Себебі, ортада мұз бүтін қалыпта болады. Қар көп жиналған жерде, жарларда, қамыс көп өскен жерде өзен-көлдердің мұзы жұқа болып қатады. Суық күндері өзен-көлдерінде қатпай қалатын жерінен бу шығады. Қыста мұз басқан жерлер мен қалың шөп өскен жерлер қауіпті. Қатпаған мұз үстіне шықпаңыз,  мұз үстінде топ болып тұрмаңыз, өткел жоқ жерден автокөлікпен жүрмеңіз. Адам өмірінен қымбат еш нәрсе жоқ. Әр адам қашанда өз өмірін сақтап қалу үшін қарапайым ережелерді білген абзал.

Батыйхан СҰЛТАНОВ,
Қаратал балық инспекциясының бас маманы
Фото: mail.kz